Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты бағдарламалық мақаласында өзекті мәселе көтерді. Мемлекет басшысы «Саяси-экономикалық реформаларды қоғамдағы әлеуметтік-мәдени өзгерістермен қатар іске асыру керек. Бұл – маңызды міндет» деген болатын.

Жалпы, кез келген өзгеріс қоғамды түгел қамту керек. «Елімізде жаңа қоғамдық этика қалыптасуы керек. Онда ел бірлігі және тұрақтылығы, әділдік, заң мен тәртіп, сенім және жауапкершілік сияқты құндылықтар үстемдік құру қажет. Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады» деп атап көрсетті.
Адалдық – адам бойындағы асыл қасиет. Жан дүниесі, рухани әлемі таза адамның әрқашан абыройы асқақ, беделі жоғары. Қазақ халқы «Адамдықтың нұры бол, адалдықтың құлы бол» деп келер ұрпақты ақиқатты ардақ тұтуға шақырады.
Мемлекет басшысы «Адал азаматқа тән қасиет әрбір жастың бойынан табылу керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады. Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек», яғни білім беру, ғылым, мәдениет туралы түйткілді мәселелерді қозғау қоғамға зор жауапкершілік артады. Жас ұрпақ тәрбиесі қай уақытта да өзінің құндылығын, өзектілігін жоймайтын маңызды мәселе. Халқымыздың сан ғасырлық тарихында балаға жан-жақты тәрбие берудің өзгеге ұқсай бермейтін ерекше талаптары қалыптасты. Бала тәрбиесі баршаның ісі болған. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мәтел бекерге айтылмаса керек.
Рухани-адамгершілік тәрбие идеялары қазақтың ұлы ойшылдары мен ағартушыларының еңбектерінде де көрініс тапқан. Қорқыт ата, Әбу Насыр әл-Фараби, Ж.Баласағұн, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаевтар еңбектерінде жастардың рухани жетілу мәселесіне мән берген. Ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген дана тағылымынан тәрбиенің орны ерекше екенін көруге болады. Абыз Қорқыт бабаның ойы, қанатты сөздері, өсиеттер, аңыз-жырлар ретінде беріліп, философиялық тұжырымдамасының негізін құрайды. Оның өсиеттерінің басты тақырыбы – адам ғұмырының философиясы мен мән-маңызы, адамгершілік қасиет. Өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесі кез келген ортада өзін ұстауынан, қарым-қатынас мәдениетінің тұрақтылығынан көрінетіндігін айту керек.


Айгүл ӘБДІРАМАНОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті,
философия ғылымдарының кандидаты

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!