Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Қазақстанның ғылыми-зерттеу және білім беру кеңістігінде терең тарихы мен нақты жетістіктері бар жетекші оқу орны.
1934 жылы құрылған бұл университет Қазақстанда алғашқы лардың бірі болып, көпсалалы жоғары білім беруді жолға қойды. 2001 жылы ҚазҰУ-ға Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «ұлттық университет» мәртебесі берілді. Қазіргі таңда уни верситет Алматы қаласындағы 100 гектар аумақты алып жатқан заманауи кампусында орналасқан. ҚазҰУ – Қазақстандағы ғылыми зерттеу жұмыстарының ауқымды орталығы. Университет 8,1 миллиард теңге көлемінде қаржыландырылып жатқан 400-ден астам ғылыми жобаны жүзеге асырып отыр. Атап айтқанда, университет ғалымдары Астана мен Алматы қалаларындағы ауа сапасын жақсарту бағытында ауқымды зерттеу бағдарламаларын әзірлеуде. Сонымен қатар Батыс Қазақстанның экологиялық және экономикалық дамуына арналған жобаға 4 миллиард теңгеден астам көлемде мегагрант жеңіп алған. Халықаралық аренада да ҚазҰУ жетістіктерімен танылып отыр. 2024 жылы университет «QS World University Rankings» жүйесінде 230-орынды иеленіп, Орталық Азия университеттері ішінде көш бастап келеді. Сонымен қатар 2023 жылы QS «Asia University Rankings» рейтингінде ҚазҰУ Азия университеттері арасында 29 орынға ие болды. Уақыт өткен сайын бұл ордадан елдің дамуына өз үлесін қосқан көрнекті түлектер қанат қақты. Бүгінде ҚазҰУ түлектері қатарында Қазақстан Республикасының қазіргі Президенті Қасым Жомарт Тоқаев, көрнекті ақын әрі дипломат Олжас Сүлейменов, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов, философ-ғалым Ғарифолла Есім, белгілі мемлекет қайраткері Ерлан Қарин және басқа да отандық ғылым мен мәдениеттің көрнекті өкілдері бар. Бұл есімдер университеттің ел болашағына берген нақты үлесінің айғағы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – тек білімнің ғана емес, болашақтың жолын нұрландыратын шамшырақ.
Балауса ҚУАНЫШОВА,
ӘлФараби атындағы ҚазҰУдің
қаржы мамандығының студенті,
А.Д.КУКИЕВ,
«Қаржы және есеп»
кафедрасының аға оқытушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!