Биыл әлемдік білім бәсекесінде топ жарған олимпиада жеңімпаздарына 73 млн теңгеден астам сомаға сыйақы табыс етілді.
Мұны Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ел Президенті биылғы жылдан бастап «Халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздарына бір жолғы ақшалай сыйақы беру туралы» Заңға қол қойды. Осы заңға сәйкес, алтын медаль алған оқушыға 1 500 АЕК (4,5 млн), күміс медальға 1 000 АЕК (3 млн), қола медальға 500 АЕК (1,5 млн) көлемінде ақшалай сыйақы тағайындалған. Осылайша, алғаш рет әлемдік білім бәсекесінде топ жарған олимпиада жеңімпаздарына 73 млн теңгеден астам сомаға сыйақы табыс етілді. Сонымен қатар, алғаш рет халықаралық зияткерлік, шығармашылық, спорттық олимпиадалардың 100-ден аса жеңімпазы мен жүлдегерлеріне отандық жоғары оқу орындарына «конкурстан тыс» қабылдау үшін ерекше гранттар бөлінді», – деп тоқталды вице-министр.
Ғани Бейсембаевтың дерегінше, биыл алғаш рет жас спортшылардың халықаралық жарыстарға қатысуына республикалық бюджеттен қаражат бөлінген. Нәтижесінде қазақстандық команда Франциядағы Дүниежүзілік гимназиадада 86 медаль жеңіп алып, 70 елдің ішінде 3-орынды иеленген.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!