Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Елімізде Әншуақ-2024 балалар әндерінің екінші республикалық челленджі басталды. Қазіргі таңда балалар орындаған бейнероликтер 200 мыңнан астам қаралым жинады, – деп хабарлады Қазақпарат.

«Әншуақ» фестивалі балалардың таланттарын ашуға мүмкіндік береді және еліміздің тарихи-мәдени құндылықтарын насихаттайды. Бұл шараның «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында өскелең ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын да айта кету керек.

«Жаңа оқу жылы басталғалы бері осы идеямен шабыттанған 5 мыңға жуық мектеп оқушысы челленджге қосылды. Олар бейнежазбаларын Әншуақ2024 хэштегімен TikTok-та жариялап, өздері орындаған балалар әндерін «Қазақ радиосына» жолдайды. 28 қыркүйектен бастап Қазақ радиосында «Әншуақ радио-фестивалі» айдары ашылады. Бұл бүкіл Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі балаларды біріктіретін шығармашылық толқын. Қатысушылар тек ән орындап қана қоймай, сол әндердің өз өміріндегі маңызы туралы жеке ойларымен де бөліседі», — дейді Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер.

Челленджге 6-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қатыса алады. Балалар қазақ тіліндегі әнді жанды дауыста орындап, бейнежазбасын #Әншуақ2024 хэштегімен TikTok-та жариялауы керек.

Естеріңізге сала кетейік, «Әншуақ» балалар әндерінің челленджі алғаш рет 2024 жылдың 1 ақпаны мен 1 маусымы аралығында өтіп, жеті ай ішінде 12 мыңнан астам жарияланым және 12 миллионнан астам қаралым жинаған болатын. Қорытындысы еліміздің әр өңірінде «Open Air» форматында өткізіліп, онда ең танымал балалар әндері шырқалды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!