Өз елін, жерін, Отанын, ұлтын сүйетін, тәрбиелі де, білімді азамат қалыптастыру үшін бар білімі мен кәсіби шеберлігін аямау – әрбір ұстаздың парызы.

«Бала – күйсандық. Күйсандықтың кілтін тапқан ғана ашады». Бала жүрегіне жол тауып, қажеттілігіне қарай білім беруге тырысу бүгінде маңызды міндеттің біріне айналды. Десе де, бүгінде оқушылармен жұмыс  істеу тек теориялық тұрғыда мықты болу емес, әдістемелік тұрғыда жақсы қарулану деген сөз.

Бұл орайда «Мұғалім өз сабағын сүймесе, оған өзі сүйсіне білмесе, ол шәкірт бойында да сүйіспеншілікті дарыта алмайды…» деген сөз ойға оралады. Сондықтан оқушымен қарым-қатынаста сөйлеу мәнерін шыңдап, сабақты ашып түсіндіру, оқушы бойындағы қызы­ғушы­лықты арттыруға күш салу керек. Сондай-ақ біз оқушы­лардың ойын жинақтай отырып, еркін, қы­сыл­май сөй­леуі­не көңіл бөлуге тиіспіз. Шалва Амона­шви­ли өзінің тәжіри­бесінде «Жүрексіз берілген білім адамды қанағаттандырмайды, керісінше жүгін ауырлатады» дегендей, жүректен шыққан сөз жүрекке жететінін ұмытпауға тиіспіз.

Қазір педагогқа талап көп. Оның заманауи, коммуникативті, білімді, технологияларға икемді болуы сұралады. Бір ғана маман иесіне қаншама талап қойылып отыр. Ал егер жай ғана адами тұрғыда қарайтын болсақ, жоғарыда келтірілген талаптардан бөлек, мұғалім – ең бірінші адам. Бұрынғы заман мұғалімдері, қазіргі заман мұғалімі деп айтсақ та, ең бастысы  ұстаз – өте жауапты мамандық екені, оның  балаға берген бүгінгі білімінің нәтижесінен болашақтағы зайырлы қоғам қалыптасатыны шындық.

Қорыта айтқанда, ұстаз – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек иесі. Ыстық қайратымен бар білген білімін оқушы бойына сіңіретін, нұрлы ақылымен өміріне жарық сәуле шашатын, жылы жүрегімен баланың жан-дүниесін баурай білген ұстаз ғана баланы тұлға ретінде қалыптастырады. Әрбір бала дарын, ұстаз ұқса жанын.

Анар  ЖАМИЕВА,

М.Шоқай атындағы

№187 ақпараттық технология мектеп-лицейінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!