Алматы облысында танысын мектепке орналастыру үшін 500 мың теңге алған мұғалім сотталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап.

Іле аудандық соты қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің қылмыстық ісін қарап, оған жеңіл жаза тағайындады. 

Айнұр Күленбаева Іле ауданының Боралдай кентіндегі №17 орта мектебінде «қазақ тілі мен қазақ әдебиеті» пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Сот құжаттарында Айнұр Күленбаеваның танысы Алмат Дилянораны өзі жұмыс істейтін №17 мектепте мұғалімдік жұмысқа орналастырып беруге уәде берген.

«Алайда А.Күленбаева жәбірленуші Д.Алматты мектепке жұмысқа орналастыратындай ешбір құзіреті болмаған. 2022 жылдың 12 шілдеде А.Күленбаева жәбірленуші Д.Алматқа тиесілі мүлкін сенімін теріс пайдалану арқылы пайда табу, қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін, Алматы облысы Іле ауданы, Боралдай кенті, Бостанов көшесінің бойында орналасқан «Кристалл» асханасында кездесуді ұсынып, өзімен бірге құжаттарын және ақшалай қаражат 500 000 теңге алып келуді тапсырған. Сол күні сағат 15:00-де А.Күленбаева №17 мектепке «биология» пәнінің мұғалімі ретінде жұмысқа орналастырып берем деп, мүмкіндігі болмаса да, жалған айтып, алаяқтық жолмен Д.Алматтың 500 000 теңгесін заңсыз иеленген», – делінген сот тергеуінде.

Жәбірленуші сотқа «WhatsApp» мессенджері арқылы жазылған хаттарды және Каспи қосымшасындағы аударымдарды дәлел ретінде көрсеткен. Теріс әрекетін мойындаған мұғалім соттан ауыр жаза тағайындамауды сұраған. Ал жәбірленуші жұмысқа орналасам деп берген ақшаны несиеге алған болып шықты.

«Жәбірленуші күдіктінің кейіннен қоңырауына жауап бермей, қашып жүргенін біліп, үйіне барып аталған 500 000 теңгені қарызға алдым деп қолхат жаздырып алған. Нақты 500 000 теңгені қарызға емес жұмысқа орналастырып берем деп алдап алғанын, ол қаражатты несиеге алғанына орай қазіргі уақытта тек 500 000 теңгені сотталушы А.Күленбаева қайтарғанын, өсімақысы 300 000 теңге талап еткенін, оны кешірмейтіндігін, қатаң түрде жаза қолдануды сұрайтынын көрсетті. Сонымен қатар, А.Күленбаеваға тағылып отырған іс-әрекеттері оның кінәсін мойындаған айғақтары мен жәбірленушінің айғақтарынан және де куәнің айғақтарынан бөлек сот отырысында зерттелген қылмыстық іс материалдарындағы дәлелдемелермен расталады»,  – делінген сот құжатында.

Мұғалімге ҚР ҚК-нің 190-бабының 1-бөлігімен айып тағылған.

«Айнур Куленбаева ҚК-нің 190-бабы бірінші бөлігімен кінәлі деп танылсын, және оған осы бабпен бас бостандығын шектеу түрінде жаза 1 жыл мерзімге тағайындалсын», – деді үкім шығарған судья К. Алмабекова.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!