Жоғары оқу орнында білім алатын студент жас жігіттердің көбі әскери кафедрада оқып, әскери даярлықтан өтуді мақсат етеді. Себебі кафедраға қабылдану үшін де іріктеуден өтуі керек. Бір саланың маманы атанумен қатар, кәсіби білімді әскери маман болудың жөні бөлек. Кейінгі кезде ел арасында «әскери кафедрада оқығандар әскери борышын өтеуге бара ма?» деген сауал туындады. Бұл сұрақтың жауабын білмек үшін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің әскери кафедрасына хабарластық.

Әскери кафедра – Қарулы Күштер мен басқа да әскери құрылымдар үшін запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлайтын дайындық курсы.

Азаматтарды запастағы офицерлер мен сержанттар бағдарламалары бойынша әскери маман даярлау, Қазақстан Республикасының әскери оқытылған резервін қалыптастыру, сондай-ақ ҚР Қарулы Күштері офицерлер мен сержанттар құрамының бастапқы лауазымдарын қосымша жасақтау мақсатында алатын жоғары кәсіптік білім негізінде әскери-есептік мамандықтар бойынша жүзеге асырылады. Әскери даярлауға оқыту процесін ұйымдастыру және басқару, әскери-патриоттық тәрбие беру, оқу материалдық базамен қамтамасыз ету, кәсіби даярлау кіреді.

«Запастағы офицерлер мен запастағы сер-жанттар бағдарламалары бойынша әскери дайындық қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2023 жылғы 31 наурыздағы №265 бұйрығына сәйкес әскери кафедраларда Запастағы офицерлерді даярлау бағдарламасы бойынша оқу үшін құжаттар бірінші (3 және 4 жылдық оқумен) және екінші (5 жылдық оқумен) курс студенттерінен қабылданады.

Ал запастағы сержанттарды даярлау бағдарламасы бойынша оқу үшін құжаттар бірінші, екінші (4 жылдық оқумен) және бірінші, екінші, үшінші (5 жылдық оқумен) курс студенттерінен қабылданады.

Университет құрамындағы әскери кафедра 2000 жылы құрылды. 2000-2024 жылдар аралығында 2800-ден астам студент әскери дайындықтан өтті. Оның ішінде 2474 түлек запастағы офицерлер қатарына, 400 түлек запастағы сержанттар құрамына аттестатталды.

– Қазіргі уақытта кафедрада әскери даярлық запастағы офицерлер және запастағы сержанттар бағдарламалары бойынша ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, «Жалпы әскери бөлімшелер, бөлімдер мен құрамаларды жауынгерлік қолдану», «Құрлық әскерлерінде тәрбие және идеологиялық жұмыстарды ұйымдастыру», «Аумақтық қорғанысты жоспарлау және ұйымдастыру», «Тасымалды зениттік зымыранды кешендермен қаруланған бөлімшелерді жауынгерлік қолдану» оқу бағдарламалары бойынша іріктеліп алынған студенттер 2 жылдық әскери дайындықтан өтеді. Ал «Атқыштық» оқу бағдарламасы бойынша іріктеліп алынған студенттер 1 жыл әскери дайындықтан өтеді, – деді әскери кафедра жетекшісі Нұрсейт Увайдаев.

Бүгінде университетте 5 оқу бағдарламасы бойынша 280 студент әскери дайындықтан өтуде. Әскери дайындық басшылық құжаттардың талабына сәйкес тегін және ақылы негізде ұйымдастырылады.

Әскери дайындықтың оқу үдерісі университеттің №3 оқу ғимаратында, ЖОО-ның оқу полигонында және 66597 әскери бөлімнің базасында өткізіледі.

Кафедраның профессорлық-оқытушылар құрамы ҚР Қарулы Күштері, басқа әскерлер мен әскери құрылымдарда қызмет атқарған тәжірибелі, запастағы және отставкадағы офицер мамандармен жасақталған.

Әскери кафедрадағы әскери дайындыққа кімдер қабылданатынына келсек, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Қызылорда Ашық университеті, Қызылорда Ашық университетінің Болашақ құрылымдық бөлімшесінде білім алушы жастар конкурстық іріктеуден өтіп, қабылдана алады.

Конкурстық іріктеудің негізгі критерийлері бар. Атап айтсақ, бірінші – әскери дәрігерлік сараптамадан өтуі, талапкер студенттің мамандығы бойынша орташа сабақ үлгірімі – GPI көрсеткіші, үшінші – кәсіби психологиялық тестілеу, төртінші – дене дайындығы бойынша тапсырылатын нормативтер.

Осы орайда әскери кафедараның 2023 жылғы түлегі, студент Әділет Темірбековпен тілдестік.

– Әскери кафедрада екі жылға жуық уақыт білім алдық. Осы уақыт ішінде жауынгерлік атыс жаттығулары, жауынгерлік техниканы жүргізу бойынша практикалық оқудан өттік. Тактикалық жаттығулар, дене дайындығы бойынша нормативтерді орындадық. Оқу-жаттығу алаңында болып, әскери шеберлікті шыңдадық, – деді Әділет Темірбеков.

ҚР Қарулы Күштер қатарында офицер немесе сержанттардың әскери қызмет өткеруі ҚР Үкіметінің Жарлығы негізінде ұйымдастырылады. Әскери кафедраны бітірген запастағы лейтенант немесе сержанттар әскери міндеттілер болып саналады. Сондықтан ҚР Қарулы Күштер қатарына әскери міндетін өткеруге 2 жылға офицерлік немесе сержанттық лауазымдарға шектеулі саны ғана шақырылады. Өз еркімен болса 3 жыл әскери міндетін өткере алады.

Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!