kazbilim.kz

Соңғы күндері бұрынғы министрдің іске асырған бастамалары туралы көп айтылды. Өзіміз де бұған дейін бір жазбаға жүк еткен едік. Бұрын-соңды кеткен министрдің істеген тірлігін халық оң бағалаған біз көрген жалғыз жағдай болды-ау шамасы. Мен, әттең, тағы 1,5 жыл керек еді, басы басталып, нүктесі қойылмаған біраз бастамалары бар еді деп айттым ғой.


Кешегі жаңа министрдің министрліктің кеңейтілген отырыстағы сөзіне қарағанда Аймағамбетовтың кейбір бастамаларын сабақтастық сақтап, жалғасатындай боп көрінді. Бұл Аймағамбетов тұсында Алтынсарин академиясы директоры, вице-министр болған Ғани Бектайұлының дұрыс шешімі болды деп ойлаймын.


Әрине, ол кісі вице болып бірге істегеннен кейін, жаңадан келдім, бұрынғы министрдің бастамалары қалады, бәрін жаңадан бастаймын дейтін өзімшіл саясаттан аулақ болатын шығар.
Экс министр Аймағамбетов тұсында айтар ұсынысымызды министрліктегі кеңестер мен әртүрлі жиналыста айтып, біраз ұсынысты өткізіп те жүрдік.


Сондықтан да шығар министрліктің ішіндегі тірлік маған түсінікті еді. Сондықтан бүгін Асхат Қанатұлының әлі толық іске асып үлгермеген тірліктерінің есімде қалғандарын бір шолып өтейін, қоғам бастаманың соңына шыққанына немесе бастаманың басы шабылғанына болашақта баға бере жатар. Біздікі сарапшы болғасын, айту – азаматтық парыз, сараптау ұстаздық ұстаным ғой.
Алдымен, өзім ең маңызды дейтін оқу бағдарламаларынан бастайын:

  1. Әлем әдебиеті. Біз неше жыл көтерген арман еді.
    Қазақ сыныптарына орыс әдебиетінің орнына әлем әдебиеті енгізілетіні туралы шешім қабылданған. Әлем әдебиеті бойынша жұмыс тобы құрылып, тіпті типтік оқу бағдарламасының жобасы дайындалып жатыр. Қазақ баласы орыстың ғана емес, әлемнің әдебиетімен мектепте өз тілінде сусындаса, орыс әдебиеті ерекшеленбей соның ішіндегі бір тармағы болып қалса деген арманымыз орындалып қалып еді, орта жолдан тоқтап қалмаса екен.
  2. Өздеріңіз білетіндей бастауышта орыс тілі 2-сыныпқа, ағылшын тілі 3-сыныпқа шегінген. Қалған пәндер бағадарламасы да қайта жасақталып, бастауыш сыныпта дүниетану мен жаратылыстануды бір пәнге біріктіру жұмысы да басталып еді. Бұл қалай болар екен?
  3. Қазақстан тарихы мен дүниежүзі тарихы бойынша бірыңғай оқулықтарды әзірлеу жұмысы басталған. Қазақстан тарихын бесінші сыныпта әңгімелер ретінде бастап, 6-сыныптан 11-сыныпқа дейін Түрік қағанаты, Алтын Орда; Қазақ хандығы сияқты кезеңдерге толығырақ тоқталып, мазмұнын қайта қарау үшін жаңа бағдарлама дайын болған. Бұл бірыңғай оқулық шықса, ҰБТ-да ана оқулықта былай, мына оқулықта былай деп дау болатын жағдай да тарихқа айналар еді.
  4. Көп талқыланған қазақ тілі, қазақ әдебиеті бойынша да, дене шынықтыру бойынша да жаңа бағдарлама дайындалып еді. Жалпы жаңа мемлекеттік стандарттың жаңа нұсқасы және жаңа типтік бағдарлама бойынша жұмыс мәресіне жетіп қалған секілді еді. Біз де химияны біраз деңгейге апарғанбыз.
  5. Өткен жылы ата-аналар мен математиктерді бір қуантқан математика пәнін 3–6-сыныптарда бөліп оқыту жоспары еді. Ол енді қалай болады деген ой бар.
  6. Айтпақшы біз бұрын көп айтқан бір тірлік – әлемдік ақпараттың көзі болған ағылшын тілін қазақ баласының жетік меңгеруі. Ол үшін пәнді ағылшын тілінде оқыту қажет емес, керісінше мектептегі ағылшын тілі пәнінің сапасын арттыруды көп айтып едік. Дәл сол мақсатта ағылшын тілі пәнін 10, 11-сыныптарда қазіргідей 3 сағат емес, 5 сағат, яғни күнде оқитындай ету, ағылшын тілінің халықаралық емтиханы IELTS-қа бағыттау жоспары жасалған еді. Бұл қалай болады екен?
  7. Айтпақшы мектепке дейінгі білім бағдарламасынан, яғни балабақшалардан ағылшын тілін де, орыс тілін де алып тастап, тек қазақ тілін ғана қалдырып, бұйрығын тамыз айында бекітіп тастаған болатын. Ал басқа тілде сөйлейтіндер үшін 600 сөзден тұратын лексикалық минимумын енгізген бағдарлама жасалып жатыр еді. Бұл енсе болашақта балалардың қазақ сыныбына баруына өте үлкен әсер етер еді. Біз де шырылдамас едік, бұл тоқтап қалса жылаймын.)
    Соның жалғасы болар, бір маңызды бастама қазақ баласы болса да, қолындағы телефонмен тілі шыққан, орыс тілді балаларды ата-аналар қорқып орыс сыныбына беретін. Сондай балалар қазақ тілінде оқуға ниеттеніп келген балалар тез икемденіп, үйреніп кетсін деп арнайы қосымша – тілге адаптация, кіріспе қолдау курстарын енгізу де осы балалардың қазақша оқимын деп келіп алып одан кейін қиналып тағы орыс сыныбына ауыспау үшін жақсы қолдау болар еді.
    Бұл бағдарламалар төңірегіндегі тірлік қой.
    Сөйле, тілім, алаңдама, тартынба!
    Найзағайдай шындықты айтып жарқылда!
    Қалай ғана өмір сүрдім дей алам,
    Бір ауыз сөз қалмаған соң артымда?! – деген Шынболаттай жалғастыра берейін бе?
    Ал кеттім онда, өзге де үтірі қойылып, нүктесі қойылмаған тірліктер турасында сөйлеп көрейік. Біздің мақсат көп нүктеге айналмаса деген арман ғой сол.
  8. Әртүрлі мектептер желісін құру.
    Бір кездесуде Абай гуманитарлық бағыттағы мектептер желісін, Жәутіков атындағы IT мектептер желісін құру, дамыту және жаңа Қаныш Сәтбаев атындағы инженерлік мектептер желісін құрсақ деп біздерден ұсыныс сұраған болатын. Аталған мектептерден қазіргі НЗМ мен БИЛ секілді желіге айналдыру, ашу бастамасы идеясы да керемет еді. Бұл мектептердің жеке бағыттық оқу жоспары, бағдарламасы болады деген тың жоспар дееееп армандап едік дегендей болмаса дейміз да сол…
    Айтпақшы сол кезде Алматыдағы қара шаңырақ республикалық Абай мектебіне жаңа ғимарат бердік, олар Бөбек орталығының бір керемет зәулім ғимаратына көшеді деп қуанышты жаңалығын бөліскен-ді. Біздің қуанышты қойшы, тарихи һәм қасиетті қара шаңырақ, біраз зиялы түлеп ұшқан Абай мектебі ұжымы мен шәкірттерінің қуанышына су себілмесе деген ой ғой.
  9. Сынып жетекшісі деген жыр бар, бүгінде оның жұмысының ауырлығын сынып жетекшісі болған адам ғана түсінеді. Дәл осы сынып жетекшілерінің орнына бір параллельге бір бос куратор лауазымын енгізіп, оған 100 миллиард теңге бюджеттен сұраймыз деген жоспар да әрі қарай жаңа министр тарапынан жалғасын табатын шығар, Ғанекең тәрбие бағыты бойынша біраз бастамаларды енгізуі тиіс.
  10. Өмір ағамыздың көтеріп жүрген ұсынысы бойынша әр өңірге мұғалімдер омбудсменін ең беделді мұғалімдер ішінен іріктеп алып тағайындау бойынша кандидаттар тізімі дайындалған еді. Бірақ бекітіп кетуге үлгермеді. Енді сол тізім бекітілсе деген ұсыныс бар. Сол дайын тізімдегі ұстаздарға осы қоғамдық жұмысты беріп, мұғалім мәртебесінің артуына тағы бір қадам жасалса деген ой ғой сол…
  11. Әлемдік пәндік олимпиада жеңімпаздарына бір реттік ақшалай сыйақы беру басталғанын білесіздер. Сол олимпиадалар тізімін қайта қарау, тізімді жүйелеу, көбейтіп жаңа бұйрықпен бекіту қаралып жатқан еді. Сол бұйрық бекісе, тағы біраз оқушыға үлкен мотивация болар еді. Әрине, оның ішіне өтірік олимпиадалардың кіріп кетпеуі де маңызды.
    Айтпақшы олимпиада дегеннен шығады. Пәндік олимпиадалар жақсы тазарып, соның арқасында халықаралық деңгейде де медальдар көбейді. Онлайн, прокторингпен өтіп, алдымыздағы олимпиаданың аудандық кезеңі цифрлы форматта қалады ма, тазалық қалай болар екен?
    Баяғыдағы интернет олимпиадалар мен мектептердегі түрлі ақылы сайыстар мен ақылы олимпиадалар тоқтатылып еді, тазарып еді. Бұрын мұғалімдер аттестациясына жарамды деген тізімге (бұйрыққа) кіруге ақша беріп, кіріп жүрген, ортада министрлікте делдалдар жұмыс істейтін күйге қайтып келмейміз деп сенемін. Таз кепешті қайта кигенді кім қалайды дейсің?
  12. Соңғы жылдардағы бір түйткілді мәселе – біраз жерде директор және орынбасарлардың жетіспеушілігі мәселесі. Себебі жалақыcы мұғалім жалақысының жартысындай, ал жауапкершілігі жоғары жұмысқа ешкім бармайды. Тіпті бір Атырау облысында 57 мектепте директор жоқ дегенді оқыдық. Қаншама жерде міндетін атқарушылар отыр. Осы мәселеге байланысты өткенде ғана аппараттық кеңесте директорлардың жалақысы екі есе өседі, оның қаражатын таптық деп айтқаны бәріміздің есімізде. Басқарушы менеджметке сапалы кадр тарту – өте маңызды іс.
  13. Ақыры жалақыны айттық қой, соңына шығара салайық. Тәрбиешілердің жалақысын екі есеге өсіріп, бір топта бір емес екі тәрбиеші жұмыс істейді деген пилоттық жоба бір жылға созылды, енді ол барлық балабақшаларда енуі қалған секілді еді. Мектеп кітапханашыларын әлеуметтік педагогтердің категориясына жатқызып жалақыларын біршама көбейту бойынша бастама да біраз мектеп кітапханашыға шабыт сыйлап еді. Оқуға құштар мектепке құштарлана кіріскен мектеп кітапханашылары да өзін ұрпақ тәрбиесіне әсер ететін маман екенін сезінер еді.
  14. Желтоқсан айында аппараттық кеңесте колледждер бойынша бірнеше жақсы бастама қолға алынғаны туралы айтқаны есімде. Біріншісі колледж студенттері ауылдарына қатынап тұру үшін енді ешқандай құжатсыз ақша алатын бұйрыққа қол қойылды. Екіншісі енді бір дегенде 10, 11-сыныпта оқып жүргенде колледжге ақысыз түсіп, екі жақта қатар білім алып, аттестатпен бірге колледж дипломын алып шығады деген тағы бір бұйрыққа қол қойғаны туралы да білеміз. Бұл бастамалар енді толығымен іске асса, ол баяғы УПК-лардан әлдеқайда тиімді болар еді.
  15. Әдістемелік кабинеттердің реформасы туралы да үлкен кешенді жұмыс туралы да біраз жоба бар еді. Оларды қазіргі күйінен басқа форматқа ауыстыру, жалақыларын педагог-шебер деңгейіне жеткіземіз, әдіскерлердің біліктілігін, сапасын арттырып, қағаз сұрайтын емес, көмек көрсететін мекемеге айналдырамыз деген де ойлар болған. Ее, не болмады деп отырсыздар ма?
  16. Мектептегі дебат, мектеп парламенттері жұмысын жетілдіріп, робототехника, шахмат үйірмелерін дамыту, кабинетін жасақтау жұмыстары жүргізіліп бастап келе жатыр еді. Ең бір ауқымды жұмыс, мектеп кітапханасының жұмысына өзгеріс шығар. Аймағамбетов барған мектептің алдымен кітапханасына кіреді деген де сөз қалыптасып еді. Себебі ауқымды жүрген «Оқуға құштар мектеп» жобасының өзі бір төбе шығар. Қаншама мектеп көркем әдебиеттер қорын толтырды, дамытты.
    Бұндай жобалардың тағдыры не болар екен? Әлде басқа жоба боп, құрттың атын жаңылтып малта қойып жүрмесек игі еді.
  17. Айтпақшы Аймағамбетов жасаған реформа ішінде менің директор әріптестерімнің біразына ұнамағаны ротация еді. Талай директор 20 жылдан астам отырған мектебінен басқа мектепке көшуге мәжбүр болған. Ротацияға түспеу үшін кей директорлар қандай қадамға бармады десеңізші? Үлкен бір реформа білім бөлімдерін аудан әкімдерінен алып, облыстық білім басқармаларына бағынышты қылған да Аймағамбетов еді. Жергілікті билік пен аудан әкімдеріне бұл екі шешім де ұнамайтын. Енді заман қалай құбылар екен?
  18. Колледж студенттерінің әлеуметтік жетістіктерін есептеп, тек ғана диплом емес, дипломмен қоса құзыреттілік картасы беріледі деген бастама да жұмыс берушілер үшін жақсы жаңалақ болды деп ойлаймын. Бұл жоба жалғасар ма екен?
  19. Мұғалімдердің жұмысқа қабылдау жүйесінің өзгергені туралы қоғам хабардар шығар. Өткен жыл соңында шыққан әйгілі 57 бұйрық биыл жетілдіріліп, қайта жасалып, қол қойылды. Өзіміз де талай ұсынысымызды бергенбіз. Келесі қадам орталықтандырылған портал арқылы жұмысқа қабылдау бойынша бір облыста пилот бастадық деп аппараттық жиналыста айтылды. Ал енді бұл жоба республика бойынша таратыла ма?
  20. “Цифрлық мектеп” бойынша үлгерімі төмен балаларға интернет арқылы қосымша ақысыз сабақтар беріп ынталандырып, білімін жетілдіру мен “Шағын жинақты мектеп” деген сол шалғайдағы мектептерде мұғалімдері жоқ, әсіресе, жаратылыстану бағыты бойынша қашықтан мықты мұғалімдердің сабақ беруі туралы жобалары жалғасты дами ма екен?
  21. Онлайн колледж туралы жаңа бастама болды, тәрбие бойынша үлкен Концепция дайындалды, Ерте даму орталығының базасында арнайы Балалар кітапханасын ашу бойынша бұйрық қабылданып оны әрі қарай дамытамыз деген жоспар да болған еді.
  22. Білім саласы бойынша арнайы аналитика мектебін жаңа жылдан бастап жүргізіп талай жастарға білім саласы бойынша экспертиза өткізуді үйретеміз деген бастама іске аспайтын болды ма? Біраз экспертті тартып, ұсыныстар жасап жүрген еді, ұсыныс негізінде қалар ма екен, ә?
  23. Баяғыда Мейіржан екеуміз көп жылаған дневник.ру-дың көшірмесі, ұятты жарнама көптеу күнделіктің қосымшасын ақысыз әрі жарнамасыз қыламыз, не келісімді бұзып, “Білім” деген мемлекеттік қосымшадан барша ата-аналар үшін бағаларын қолжетімді етеміз деген жоспар болған. Сол үшін барлық бағаларды НОБД-ға көшіріп жатырмыз дегенін де ішімізден бір жақсылыққа, жүйелілікке балағамыз. Баянды болғай.
  24. Экс-министр БИЛ-ды жоғары деңгейде қолдады. Олардың статусын, ішкі мәдениеті мен қалыптасқан дәстүрлерін біреулер бұзбасын, әкімдіктер кіріспесін деп олардың статусын БИЛ қорымен келісіп, заңмен бекітеміз дегені де бар еді. Осы БИЛ мектептерінің ғимараттары мен интернаттары ескі соларға енді меценаттар Президенттің тапырмасымен 18 мектеп салады. Сондай-ақ президент айтқан сыбайлас жемқорлардан тәркіленген ақшаға сол БИЛ-дың жаңа мектептері мен интернаттарын саламыз, ауылдағы барлық интернаттарды жаңартамыз деген бастамасы да аяқсыз қалмаса деген ой ғой біздікі.
    Министрліктің ішкі кухнясының әңгімесін қаттырақ шашсам кешірім сұраймын, мемлекеттік құпия емес қой, талқыдағы жобалардың әңгімесі, соңғы бір дүниемен тоқтай қояйын, ә?
  25. Сондай ең маңызды бір қызық жоба жоғарыда айтқан Қазақстан тарихы мен әлем тарихы пәндері бойынша енді тек мемлекеттік бір оқулық болады және оны жеке баспалар емес мемлекет өзі шығарады деген бастама еді. Айтпақшы бұдан кейін барлық оқулықтарды жеке баспалардан алып, мемлекеттік монополия қылып шығару туралы бастама не болады? Жылдың соңында бір бұйрық жобасы жарияланғанын көрдік, ол енді баспалар оқулықтарда қате жіберсе сол баспалар толығымен тираждың бәрін өз қаражатына қайта шығарады деген керемет өзгерістерді көздеген еді. Баспалар, әрине, бұған қарсы. Бұл оқулық шығарып ақша табатын баспалардың қалтасынан біраз қаржыны қағу еді. Бұл біраз баспаның артында тұрғандарға ұнамасы анық. Олар да қарап жатпас, бұған кедергі жасар ма екен деп алаңдаймын. болды оған. Енді бұл бұйрық шыға ма, жөргегінде тұншығар ма екен?
    Жә, көп сөйлеп кеттім бе? Айта берсек сөз көп қой, айтпаса атасы өлетін. Кухня ішінде жүргесін қолдан келгенше айтып жатқаным ғой. Кеше министрліктің жиналысына қатыспасақ та, не жаңалық болар екен деп тынысымызды ішімізге тартып отырдық. Алда да үміттене сергектікпен қарармыз. Қазірге іске сәт деп осымен бір тыныстап алайын.

Жалғасы бар.

Аятжан Ахметжанұлы.

Астана қаласы «Қайым Мұхамедханов атындағы №90 ұлттық гимназия директоры

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!