Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов өзінің телеграм арнасында мектепге дейінгі кезеңде баланы ерте дайындау мен дамытудың маңыздылығы туралы жазды деп хабарлады turkystan.kz.

«Ерте дамудың маңызды екенін елеусіз қалдыруға болмайды. Баланың миы тез дамып, негізгі дағдылар мен мінез-құлық қасиеттері қалыптасады, сонымен қатар ол баланың денсаулығына негіз болады.

Мектепке дейінгі мекемеге бару баланың бойында өзін-өзі реттеу, жаңа ортаға бейімделу және топта жұмыс істеу сияқты бірқатар пайдалы машығын дамытуға көмектеседі.

Осы машықтың барлығы баланың мектепте үлкен жетістікке жетуіне ықпал ететіні дәлелденген», –  деп жазды министр.

Оның жазуынша, халықаралық зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, балабақшаға барған және ерте жастан жазу мен санауды үйренген балалардың мектептегі оқу үлгерімі қатарластарына қарағанда басым болған.

«Мысалы, PISA-2018 деректері бойынша үш жылдан астам балабақшаға барған оқушылар мектепке дейінгі ұйымдарға бармағандарға қарағанда жоғары нәтиже көрсетеді: оқу сауаттылығы бойынша 20 ұпайға және математика мен жаратылыстану сауаттылығы бойынша 16 ұпайға.

Сонымен қатар TIMSS зерттеуінің нәтижелері де балабақшаға барған оқушылардың жақсы нәтиже көрсеткенін дәлелдеді. Мысалы, балабақшаға бармаған 4-сынып оқушылары мен оған үш жылдан астам барғандар арасындағы айырмашылық математикадан 16 балл, ал жаратылыстану пәні бойынша балабақшаға барғандарда 23 балл болды. Ал ата-аналары мектепке дейін жазуды, оқуды және санауды үйреткен 4-сынып оқушылары ата-аналары анда-санда ғана оқуына көңіл бөлген балаларға қарағанда математикадан 15 ұпайға және жаратылыстану пәнінен 25 ұпайға жоғары алған», – дейді А.Аймағамбетов.

Министр Нобель сыйлығының лауреаты Д.Хекманның тұжырымынан мысал келтіріп:

«Ерте дамыту мен мектепке дейінгі білім берумен қамту еліміздің экономикалық көрсеткіштеріне әсері жағынан да маңызды. Нобель сыйлығының лауреаты Д. Хекманның әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалардың мектепке дейінгі біліміне жұмсалған бір доллардың экономикалық қайтарымы туралы тұжырымдары кең таралған. Ол мемлекетке 8 (6) доллар пайда әкеледі», – дейді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!