Мектеп түлегінің өмір жолындағы жаңа кезең – студенттік шаққа аяқ басар тұсы жақындады. Ұзақ жылғы дайындық пен ҰБТ-дағы қобалжу, маза қашырған мамандық таңдау әлегін еңсерген өрендер енді нәтижесін көруде. Мемлекеттік білім грантының қорытындысы әр түлекке түрлі әсер қалдырып, бірі таңдаған оқу орнына қамдана бастаса, бірі ақылы негізде оқу үшін ЖОО таңдауға көшті. Білім шыңына жетелеген еңбек пен табандылықтың жемісін көрген қаншама түлектің көңілі алып-ұшып, қуанышқа кенелуде. Осы орайда аймақта биыл қанша түлек мемлекеттік білім грантына іліккенін, қай мамандықты игеруге мүмкіндік алғанын саралап көрелік.

Күні кеше республика бойынша мемлекеттік білім беру гранттарының қорытындысы жарияланған болатын. Соның ішінде Сыр елінің талапкерлері де мемлекет есебінен ұсынылатын тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Биылғы жылы өңірде 5184 оқушы мемлекеттік грантқа өтініш берген. Оның 3849-ы грант иегері атанды. Өткен оқу жылымен салыстырғанда грант иегерлерінің саны 791 түлекке көбейіп отыр.

Гранттардың бөлінісі бірнеше басым бағыттарға қарай тағайындалыпты. Атап айтқанда, педагогика саласы мен медицина, ауыл шаруашылығы және техникалық мамандықтарға гранттар алынған. Облыс бойынша грантқа үміткер болған 3 849 оқушының басым бөлігі педагогикалық және техникалық мамандықтарды таңдаған. Тарқатып айтқанда, 1303 талапкер педагогикалық, 361 түлек медициналық бағытты таңдаса, 1173 үміткер техникалық мамандықтарға таңдау жасаған. Ал 217 түлек ауыл шаруашылығы бағытына баруды көздейді. Сонымен бірге 795 түлек өзге де бағыттағы мамандық иесі болуды қалады.

Айта кетейік, 2020-2021 оқу жылының қорытындысы бойынша «Алтын белгі» иегерлерінің 190-ы, яғни 35 проценті педагогикалық бағыттағы мамандықтарға оқуға қабылданып отыр.

Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!