Студенттердің шетелде білім алып, тәжірибе жинақтауына мүмкіндік беретін “Академиялық ұтқырлық” бағдарламасы Қызылорда ашық университетінде де жүзеге асуда.

Максим Танка атындағы Беларусь мем-лекеттік педагогикалық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Александр Маковчик Қызылорда ашық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі басқарма басшысы, физика-математика ғылымдарының кандидаты Айсұлу Мұхамбетжан бастаған делегацияны қабылдады.

Қабылдау университеттің Беларусь-Қазақстан мәдени-білім беру орталығында жүргізілді. Оған БМПУ-дің Біліктілікті арттыру және қайта даярлау институтының директоры Ирина Шеститко, Беларусь-Қазақстан мәдени-білім беру орталығының басшысы Марина Гардукевич, Қызылорда ашық университетінің ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты Нұржамал Сайлаубекова және студенттер Мұрат Жүсіпов, Рысдәулет Оралбай қатысты.

Кездесу педагогикалық бағыт бойынша тәжірибе алмасу форматында өткізілді.

Бүгінде қызылордалық студенттер сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Беларусь елінде білім алуда. Айталық “Құқықтану” (қылмыстық құқық) білім беру бағдарламасының 1-курс студенті Оралбай Рысдаулет Евфросиния Полоцкая атындағы Полоцкий мемлекеттік университетінде оқуда.

− Бұл бағдарлама арқылы білім көкжиегін кеңейтумен қатар Беларусь Республикасының мәдениеті, тарихымен танысудамын. Көптеген жерді аралап, студенттермен тәжірибе алмасып, жан-жақты дамып, уақытты барынша тиімді пайдаланудамын. Мұндағы оқу үдересінің ерекшелігіне келсек, сабақ уақыты 1 сағат 35 минутты құрайды. Дәріс жазуды міндеттемейді, бірақ 2-3 сабақ сайын тесттен межелі көрсеткішті жинауың қажет. Студенттерге барынша жағдай жасалған, әсіресе кітапханалары мен фойелері ұнады, − деді ол.

Айта кету керек, 2023 жылы Қызылорда ашық университеті мен Евфросиния Полоцкая атындағы Полоцкий мемлекеттік университеті арасында халықаралық ынтымақтастық орнаған болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!