Өңірлік жоғары оқу орнын таңдаған студенттердің кейде «Алматы мен Астанадағы университетте оқығанымда ғой» деп армандайтыны бар. Бүгінде ол түк те қиын емес. Сабақты жақсы оқысаң, Академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы бір семестр басқа білім ордасында оқып келе аласың.

Бірақ көбіне студенттер бұл бағдарлама туралы кеш біліп, өзге ЖОО-да оқу бұйырмай қалатыны рас. Оған да дайындық керек. Сондықтан бағдарлама туралы айтуды жөн көрдік.

Академиялық ұтқырлық студенттерді немессе оқытушыны басқа оқу орнына, ғылыми мекемеге ауыстыру мақсатында жүзеге асады. Бұл бағдарламаға тек білім алушылар ғана емес, оқытушылар да қатысып, өзге оқу орнында дәріс өткізеді.

Академиялық ұтқырлық ішкі және сыртқы деп екіге бөлінеді.

Сыртқы академиялық ұтқырлық – студент, магистрант, PhD докторант, оқытушылардың шетелдік білім беру немесе ғылыми мекемелерде білім беру бағдарламаларын меңгеруі және жүзеге асыруы. Білім алушылар мен оқытушылардың сыртқы академиялық ұтқырлығы Қазақстан Республикасынан тыс оқу немесе қызметтік тапсырманы орындау үшін академиялық бір кезеңге шығу түрінде жүзеге асырылады.

Ішкі академиялық ұтқырлық – қазақстандық университеттер мен ғылыми орталықтарда студент, магистрант, PhD докторант, оқытушылардың білім беру бағдарламаларын игеруі.

Бағдарламаға бакалавриаттың 2-3 курс студенттері, күндізгі бөлімнің 1 курс магистранттары қатыса алады. Қатысу үшін үміткерлер жақсы академиялық көрсеткіштерге ие болып, шет тілін жоғары деңгейде меңгеруі тиіс. Сыртқы академиялық ұтқырлық арқылы шетелде оқығысы келетіндер конкурстық іріктеуге қатысу үшін университеттегі халықаралық бөлімге өтініш беруі қажет.

Осы орайда бағдарлама арқылы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде білім алған Аружан Нұржанқызымен пікірлестік.

– Жетісу университетінде тәжірибе алмасу мақсатында бір семестр білім алдым. Қазіргі таңда қазақстандық университеттер жан-жақты даму үстінде. Барлық жоғары оқу орнының оқу ережесі ұқсас болуы мүмкін. Алайда әр университеттің ерекшелеп тұратын қыры бар. Сондықтан білім ордасы беріп отырған мүмкіндікті пайдаланып, Академиялық ұтқырлықпен баруды жөн көрдім. Маған мұндағы ұстаздар да, студенттер де ұнады. Бұл жақтан алған тәжірибемді болашақта ұстаз атанғанда ескеретін боламын. Студенттерге айтарым, бұл бағдарлама бойынша білім алыңыздар. Өйткені педагог ретінде бір емес, екі университеттің әдістемесін иегеріп шығуға мүмкіндік аласыздар. Қазіргі уақытта Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Орыс тілі және әдебиеті» білім беру бағдарламасының студентімін, – деді ол.

Академиялық ұтқырлық туралы не білеміз?

Сыртқы академиялық ұтқырлық арқылы Қытайдың Хубей педагогикалық университетінде төрт ай білім алған Ақерке Ағыбай да әр оқу орнының әдістемесін меңгерген артықтық етпейтінін атап өтті.

– Тіл үйренуге келгендіктен Хубей университетінде бізге арнайы оқу жүйесін дайындаған. Сабақ процесінен бөлек қытай өнері, ұлттық спорт түрі тай чи, билері мен әндеріне арналған арнайы сабақтар да бар. Қытайда жеке емес, топтық, жұптық тапсырмаларды көп береді. Алдағы уақытта магистартураны «аспан асты елінде» жалғастырғым келеді, – деді студент.

Академиялық ұтқырлық туралы не білеміз?

Бүгінде білім алудың жолы көп. Ендеше 1 курстан бастап белсенділік танытып, үздік атанып, Академиялық ұтқырлықпен оқуды мақсат етсеңіз, ұтылмайтыныңыз анық.

Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!