Қарағанды тұрғыны балабақша кезегіне арналған сайттағы аккаунтын белгісіз біреулердің бұзғанын мәлімдеді. Салдарынан кезегінен айырылып, баласы мектепке дейінгі мекемеге бара алмай қалған. Дәл осындай жағдай 15 адамның басынан өткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қарағанды тұрғыны Индира Жылқыбаева «Индиго» автоматтандырылған сервисінің сайты сенімсіз екенін мәлімдеді. Айтуынша, аккаунтын белгісіз біреулер бұзғандықтан ұлы балабақшаға бара алмай қалыпты. 

«Менің аккаунтымды бұзды. Ал оқу-ағарту министрлігінде біз өзіміз орыннан бас тартқандай болып көрінеміз. «Малинка» балабақшасына жүгінгенде мұндай жағдай тек бізде ғана емес, тағы 8 адамда болғанын айтты. Қазір ІР-мекенжайды білеміз, мобильді қосымша арқылы кімнің және қашан кіргенін бақылай аламыз. Ал білім беру басқармасы өзге адамдарға жеке мәліметтерді берді деп бұл жағдайға өзімізді кінәлап отыр», – дейді Индира Жылқыбаева. 

Индира Жылқыбаева кезекке тұру үшін барлық өтінішті өзі тіркегенін айтады. Ал өзге ата-аналардың сөзінше, жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеген.

Қарағандыдағы білім басқармасының өкілдері жүйенің кезектегі орыннан ата-аналардың өздері бас тартқанын көрсетіп тұрғанын айтты. 

«Жүйеде мұны ата-аналардың өздері істегені көрініп тұр. Негізінде мұны жеке кабинет жайлы мәліметтерге қол жеткізген адамдар жасаған. Ата-аналар болған жағдайға қатысты бізге арыз жазды. Жүйенің техникалық қолдауына өтініш тастадық, бізге мұның қандай ІР-мекенжай арқылы жасалғанын көрсетті. Бұл ақпаратты ата-аналарға ұсындық. Әрі қарай мұны тиісті органға арыз жазуда қолдана алады», – деді Қарағанд білім беру басқармасы басшысының орынбасары Наталья Головина. 

Дәл осындай жағдай қаладағы өзге балабақшада орын алыпты. Зардап шеккендердің саны әлі де өсуі мүмкін. Статистикаға сүйенсек, жыл сайын 7 мыңнан аса бала балабақшаға жолдама алады. Ал мектепке дейінгі мекемеден орын алу үшін «Индиго-24» сайтына тіркелу қажет.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!