Альфия Өмірсерікқызы – Сырдария ауданына қарасты Қоғалыкөл ауылында орналасқан №44 орта мектептің оқушысы. Таяуда ғана ол Гарвард, Назарбаев университеттерінің түлегі Әсел Амангелді ұйымдастырған Саммитте І орынды иеленіп ауыл баласының да ағылшын тілінен алда болатынын айқын дәлелдеді. Астанадағы Hilton холда өткен білім бәсекесінде Альфияның алған асуы ерек. Ол бұл жетістікке оңай қол жеткізген жоқ. Табандылықпен тер төгіп, еңбек етіп, ұстаздардың үмітін ақтауға білек сыбана кіріскен.

– Меніңше, шешуші рөлді мектептің орналасқан жері емес, ұстаздың дұрыс бағыт-бағдары мен оқушының талпынысы атқарады. Ағылшын тілін үйренуге деген қызығушылығым 7 сыныпта басталды. Тілге деген қызығушылығымды ашқан ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гүлжазира Абдалиева. Ұстазымның біліктілігі, қолдауы және дұрыс бағыт-бағдарының арқасында ағылшын тілі мен үшін мүмкіндіктерге жол ашатын құралға айналды, – дейді Альфия.

Әңгіме арасында дарынды жас алғашқы ұстазы Эльфира Ержүсіпованың білім баспалдағындағы тәлімін, бұлақ көріп, көзін ашқанын да тілге тиек етті. Таяуда Саммиттен алған жүлдесі ауыл мектебіндегі осындай дарынды ұстаздардың қолдауымен жылдап жинаған білімінің арқасы екенін де біледі.

– Бұл Саммитті жылына екі мәрте Гарвард, Назарбаев университеттерінің түлегі Әсел Амангелді ұйымдастырады. Қазір америкалық білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізумен және дамытумен айналысады. Жобаға алғаш рет былтыр тамыз айында қатысып, оқу грантын жеңіп алдым. Бұл грантқа еліміздің әр өңірінен 400 оқушы өтініш берген. Іріктеуден өту үшін қажетті құжаттарды тапсырып, ағылшын тілінде эссе жазып, бейнежазба түсіру керек болды. Эсседе әр қатысушы өзінің амбициясын және не себепті дәл өзі таңдалуға лайық екенін жан-жақты көрсетуі тиіс еді. Келесі маңызды кезең 29 қазан күні өткен спикерлер байқауы болды. Бұл кезеңнің мақсаты – 300-ден астам адамның алдында сөз сөйлеуге үміткерлерді анықтау. Бірінші кезеңге 100 оқушы өтінім берді. Бұл кезеңде қатысушылар өз сөзінің құрылымы мен негізгі идеясын таныстырды. Нәтижесінде олардың жартысы екінші кезең, яғни әңгімелесуге өтті, – дейді ол.

Альфия АЙҒАЛИЕВА: Білім сапасы мектептің орналасқан жеріне емес, ұстаз ұстанымына байланысты

Сайыстың екінші кезеңі білім саласының сарапшыларының қатысуымен толық ағылшын тілінде өтті. Мұнда оқушылардың ойлау және тіл меңгеру деңгейі бағаланды. Осы іріктеуден кейін финалға өткен 10 оқушының қатарында Альфиядан өзге тағы бір қызылордалық және Ақмола, Алматы өңірінен келген қатысушылар болды.

– Финалға өткен қатысушылар ретінде біз Назарбаев университетінің түлектерімен бірге дайындықтан өттік. Көпшілік алдында сөйлеу, ойды жүйелі жеткізу және аудиториямен байланыс орнату дағдылары бойынша сабақ алдық. Саммиттің басты қонағы – Гарвард университетінің магистранты, сондай-ақ Stanford және Rice университеттерінің қабылдау комиссияларымен жұмыс істеген маман Дэниел Чанг болды. Маған үлкен тәжірибе сыйлаған сайыс болды, – дейді білімпаз шәкірт.

Альфия алған асулар мұнымен шектелмейді. Ол бұған дейін де сан мәрте сайыстарда топ жарып, алдыңғы шепте жүрген. Мектепішілік, аудандық және облыстық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда да қанжығасы майланып жүр. Ал ағылшын тілінде сөйлеу дағдысы бой- ынша Қызылорда облысы деңгейінде жоғары нәтижеге қол жеткізген. «EduStream» республикалық байқауынан арнаулы номинацияға қол жеткізсе, «Зерде» республикалық жобалар байқауының облыстық кезеңінде ІІІ орын- ды қанағат тұтқан. Зерттеу, стартап және жобаларды басқару методикалары бойынша тәжірибелік сабақтарға қатысқан.

Жас таланттың айтуынша, бүгінде ауыл мектептерінде мүмкіндік жоғары. Бастысы, алдыңа мақсат қойып, ынта-ықыласыңды арттырсаң, болғаны…

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!