Алматы қаласында білім алатын 6-сынып оқушысын дене шынықтыру сабағында мұғалімі ұрып-соққан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Astana арнасына сілтеме жасап.
Оқушы өзінің желідегі парақшасында ұрып-соққаннан кейін қабырғалары мен іші қатты ауырғанын айтты.
«Ол мені қабырғамнан ұрды. Міне, төртінші күн болды. Әлі барлық қабырғам, ішім ауырып жатыр. Ол мені ұрған кезде “Біреуге айтсаң, «шапалақ» беремін” деді. Бұдан бөлек, ол сыныптастарыма қиянат көрсетеді. Формамызды алып кетпесек, қолымызды қайырып, қорқытады. Қазір мектепке баруға қорқамын. Бара қалсам, маған зияны тиіп кете ме деп ойлаймын», – деді оқушы.
Полиция аталған дерек бойынша тексеру жүріп жатқанын мәлімдеді.
«Алматы қаласының полиция департаменті бұл факт бойынша Алатау ауданының полиция басқармасы тексеру жүргізіп жатқанын хабарлайды. ҚР заңнамасына сай шаралар қабылданады», – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Еске сала кетейік, бұған дейін Шымкентте оқушы дене шынықтыру сабағында қайтыс болғаны хабарланған еді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!