Қармақшы ауданы орталығындағы №105 қазақ орта мектебін 1981 жылы тәмамдаған 10 “в” сыныбының түлектері 40 жылдан соң туған жерде бас қостық. Кездесудің бірінші күні о дүниелік боп кеткен құрдастарымызды еске алып, Құран бағыштадық. Иә, он жыл бойы мектеп партасында бірге отырып, бірге есейген достармен  дидарласып, сол бір таңғы шықтай тап-таза балалық шақты еске алудың өзі  керемет! Өмір-өзен ағысымен әр тарапқа тарыдай шашыраған достардың ынтымағы мен бірлігі де көңіл толқытардай әсерлі.

Кездесуде аяулы ұстаздарымызға төр­ден орын ұсынып, құрмет көрсеттік. Бас­тауышта қолымызға қалам ұста­тып, әріп танытып, әліппемен табыс­тырған алғашқы ұстазымыз, ардагер Назымкүл Бүркітбаева апаймен және ауданымыздың спорт саласының дамуы­на үлес қосып, небір спорт майтал­ман­дарын дайындаған тәжірибелі ұстаз Еркін Атабаев ағайымызбен бірге алтын ұя мектебімізге бардық. Осыдан 40 жыл бұрын табалдырығын алғаш рет имене аттаған ұямызға араға жылдар салып оралған қарлығаштай сағына келдік. Алдымыздан оқу ордасының басшылары мен мұғалімдері күтіп алып, өзіміз оқы­ған сыныптарды, балалық шағымыз өт­кен мектеп дәліздерін, спорт залын, қазіргі заманға лайық жабдықталған оқу кабинеттерін аралатып, ілтипат көр­сет­ті. Ұстаздарымызбен бірге оқушы күнде­рімізді сағына еске алып бір жадырап қалдық. Әрқайсысымыздың өмір жолы­мыздағы жарқын белестерімізді естіп, ұстаздарымыз да қуанып қалды. «Туып өскен жерге, алтын ұя мектепке тағзым етудің өзі үлкен көрегенділіктің белгісі деп білемін. Ұлағатты ұстаздардан алған тәлім-тәрбиенің жемісі болар. Мен осы сыныбымды мақтан етемін», –  деді На­зым­күл апай ағынан жарылып.

Сыныптас 40 шақты түлектің қай қай­сысы да өмірден өз жолын тапқан. Ойы зерек, талабы ерек түлектер арасында небір мамандық иелері бар: мұғалім, дә­рігер, мейірбике, теміржолшы, мұ­най­шы, техникалық саланың және ха­лық­қа қызмет көрсету саласының қыз­мет­керлері, құрылысшы, жүргізуші т.б. Қорқыт ата кешеніне зиярат етуге бара жатып, жол үстінде осы жайттарды – бәріміздің өмірден орнымызды табуға талпынысымызды, тағдыр-талайы­мыз­бен бетпе бет келгенде әрбіріміздің ада­ми күрескерлік болмысымызды ойла­дым.

Қош бол, алтын ұя мектебім, білім мен тәрбиенің ошағы болған құтты ша­­ңы­рағым! Қазақ елінің жасампаз ұрпа­ғын тәрбиелеуде жан аямай еңбек етіп жүрген аяулы ұстаздар қауымы, сіздерге мың алғыс! Туған жерге туын тігіп, маңдай терін төгіп, көркеюіне өлшеусіз үлес қосып жүрген достарым, замандастарым, сендерге де мың алғыс! Қасиетті Сыр елінің перзенті екенімізді қайда жүрсек те мақтанып айтамыз.

Базаргүл ШӘРІПҚЫЗЫ,

филология ғылымының кандидаты

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!