Шетел көрген қызылордалықтардың бірі кәсібін кеңейтсе, бірі мемлекеттік қызметке орналасып, бағын сынауда. Қалай болса да үлкен мақсатқа жету жолында жасалған кіші қадамдардың өзі нәтижесіз қалмайды. Осы орайда АҚШ-қа көшкен жерлесіміз Жайсан Құланбаймен сұқбаттасқан едік.
– Америкаға қашан көштіңіз?
– 2017 жылы “Болашақ” бағдарламасының грантын ұтып алдым. Бір жылдық тіл курсына қатысып, 2018 жылы Америкаға оқуға кеттім. Оңтүстік Калифорния университетінен білім алдым. Әлемнің үздік 45 ЖОО-на кіретін университетте, үздіктер қатарында 9 орынға жайғасқан Маршалл бизнес мектебінде оқығанымды мақтан тұтамын. Аталған мамандықта білім алған алғашқы қазақпын. Шүкір, үздік ретінде аяқтап, диплом алып шықтым. Одан бөлек бизнес әкімшілігі мамандығы бойынша магистратураға тапсырып, Америкадан қос дипломмен оралдым.
– Қазір шетелге шығуға мүмкіндік көп. АҚШ-та да талай қазақтың баласы жүр. Шетелге көшем, сонда өмір сүрем деген адамдарға айтар кеңесіңіз…
– Әрине, мұнда қазақстандықтардың қарасы қалың. Мақсатты түрде жұмыс істеу үшін көшіп барып, сонда тұрақтап қалғандар бар. Олар көбіне Чикаго, Нью-Йорк қаласында тұрады. Ал «Болашақ» бойынша немесе жеке білім алу үшін келгендер Калифорнияда орналасқан. Студенттердің қаласына айналған Бостонда да көп шоғырланған. Қазақстандықтардың жағдайы жақсы, америкалық азаматтармен араласқанда жан-жақтылығымызды жиі байқадым.
– АҚШ-та білім алудың басты артықшылығы неде? Қазақстандық униерситеттердегі білім жүйесінен айырмасы көп пе?
– Әрине, мұндағы білім жүйесі мықты. Өзіме ерекше байқалған дүние – ұстаздардың студентпен қарым-қатынасы. Мәселен, мен Қорқыт ата атындағы университетте оқып жүргенде белсенді студент едім. Қоғамдағы белсенділікті оқумен қатар алып жүру қиын еді. Өйткені оны ұстаздардың бірі түсінеді, бірі қабылдай алмайды. Америкада дәл осындай жүйе. 15 апта дәріске қатыспасаң да ол бағаға әсер етпейді. Сондай-ақ маған ұнайтын тағы бір айырмашылығы – ұстаздардың сабаққа қонақ шақыруы. Мысалы, бизнеске қатысты салық төлеу туралы сабақ болса, ұстаз өзінің бір кәсіпкер досын шақырады да ол салық туралы егжей-тегжейлі айтып береді. Кәсіпкерлер өздерінің тәжірибесімен бөліседі. Тіпті, миллиардерлер де спикер болды. Түрлі танымал тұлғалардың тәжірибесімен таныстық. Бұл – үлкен артықшылық.
– Қазір мамандық бойынша жұмыс істемейтін жастар көп. Әрі заманына қарай адамы десек, дипломнан гөрі қарым қабілет маңызды. Осыған көзқарасыңыз қандай? Жаңа, қажетті, сұраныстағы мамандықтарға елімізде дұрыс анализ жасалмайтын секілді…
– АҚШ-та үкімет кәсіпкерлік саласына мүлдем араласпайды. Қысым, талап ету жоқ. Яғни, еркін бәсекелестік қана бар. Кім мықты, кім сұранысты қамтамасыз етеді, тұтынушы соныкі. Білім саласы да дәл сондай. Университеттердің көпшілігі жеке. Олардың дамуының, үздік оқу орны атануының себебі де осында. Жастар жаңа салаға қызығып жүрсе, университтер де осы мамандық бойынша курс ашып, сол саланың эксперттерін шақырып, айлығын аямай төлеп, бәрін ұйымдастыра салады. Мысалы, 3-4 жыл бұрын оқуға түсіп, студент боп жүргенде контент жасауға қатысты мамандықтар бар екенін, сол бойынша магистратура оқып жатқандарды еститінбіз. Біздің ойымызға келмейтін мамандықтар оқытылатын. Неге? Себебі сұранысты қамтамасыз ету үшін, өзіне студенттерді тарту үшін жаңа мамандықтарға анализ жасап, қажет болса, курс аша береді.
Мұнда үкімет тарапынан бөлінетін грант жоқ. Әрине, бір ғалымның атындағы, болмаса көпбалалы отбасыларға арналған гранттар бар. Алайда 80 проценті ақылы негізде, соған сай, өзі қалаған, таңдаған ЖОО-да білім алады. Ақылы негізде болғанмен шетелдіктерге қарағанда америкалықтардың өздеріне көп мүмкіндік қарастырылған. Оқу ақысы шетелден келгендерге қарағанда 60-70 пайызға арзан. Өте қолжетімді. Әрі жұмыс істеуге қатысты көзқарастары да ұнайды. Еркін. Мына қалада жұмыс істеуім керек, осында тұруым керек деп байланбайды. Қайда жұмыс бар, сонда көше салады. Яғни, жоспармен өмір сүрмейді.
– Әдемі әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Дина Бөкебай
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!