Математика – гректің сөзі, білім, ғылымды білуге құштарлық деген мағына береді. Кейбіреу ғылымның дәлме-дәл дәйегі деп те жүр. Тіпті математиканы ғылымның атасы атайды. Бүгінгі кейіпкеріміз де атақты математик Уалбай Өмірбаев. Ол – ҚР ҰҒА корреспондент- мүшесі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор. Ұстаз-ғалым 1972 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан жапон ғалымы М.Нагатаның есебін 2001 жылы, ағылшын математигі П.Конның есебін 2004 жылы шешті. Бүгінде АҚШ-та Детройт штатының Уейн университетінде дәріс береді.
Уалбай Өмірбаев туралы академик Асқар Жұмаділлаев: «Ол әлем ғалымдары жылдар бойы бас қатырған «Нагата проблемасын» шешті. Сөйтті де Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Осы жерде «неге Уалбай, неге басқа емес?» деген сұрақ туады. Негізі бізде Уалбай сынды математик көп. Алайда оларды жұрт біле бермейді. Өйткені олар Уалбай секілді мықты проблема таба алған жоқ» деп еді.
Түйін ойдан түйдек-түйдек тағылым тарайды. Шығыс елдерінде ІХ ғасырда Хорезми алгебра терминін тарқатса, Әбу Насыр әл Фараби математиканы жеті тарауға бөліп, грек ғалымдары аяқтай алмаған проблеманы шешуге тырысты, Геронның есептеу геометриясының басын біріктіруге талпынды. Демек, математика қазаққа жат ғылым емес. Әрине, сөз басына академиктің арнау ойын беруіміздің өзі үлкен өнеге болса, қалған бөлігін біздің сұхбаттан оқи отырып, қаныға түсесіздер. Ең бастысы, ұлттық ұғымда математиканың маңызы әуелден бар.
Математика марапатқа тәуелді емес
Математик атаққа, дәрежеге, марапатқа жұмыс істемейді.Бұл салаға қызыққандар есептің мәнін табуға атсалысады. Фанатизм деген ұғым бар. Сол фанатизм есеп пен қисаптың қызығушылығына еніп кетуге ықпал жасайды. Белгілі бір атақ алам деп пайымдаған математикті осы уақытқа дейін кезіктірген емеспін. Болашақта да дәл осы жүйе қалады деп ойлаймын.
Шешімін таба алмаған есептерім бар
Математиктердің ой елегінде әрқашан бірнеше есеп жүреді. Сәті түскенде соларға көңіл бөліп, шешуге атсалысамыз. Содан ғылыми материалдарды жарыққа шығарамыз. «Нагата мәселесін» шешкеннен кейін, «Якобиан мәселесіне» көштім. «Якобианға» біраз уақытымды жоғалттым десем де болады. 2013 жылдан бастап 2015 жылға дейін математикаға бірде-бір мақала жинақтамадым. Бұл – уақыттың текке кеткенін көрсетеді. Сол заматтарда «Якобиан» есебіне тоқталыппын. Әлі де болса шешімі табылған жоқ. Қазір Макс Планк институтымен бірлесіп, тың дүниелерге қадам басудамын.
Бір есепке 3 жыл уақыт жұмсадым
1998 жылы бекініп алғашқы шабуылымды бастадым. Содан 3 жыл ішінде яғни 2001 жылы «Нагатаның» шешімі табылып, ғылыми мақалам жарыққа шықты. Одан кейін ағылшын математигі Конның есебі бағынды. Міне күрделі есептер арасында көп уақыт жұмсағаным «Нагата» мәселесі. Менің жеке рекордым осылай. Ал болашақта «Якобианның» мәселесін шешер болсам рекорд қайта жаңарады деген сөз. Өйткені 8 жылдан асты «Якобиан» Уалбайға бағынбай жатыр.
Бізге демократия жетіспейді
Америкаға қоныс аударғаныма 15 жылдан әрі асыпты. 15 жыл өтсе де үнемі Қазақстанмен салыстырамын. АҚШ – 100 пайыз демократиялы мемлекет. Демократия деген бірден қалыптасатын оңай шаруа емес. Жалпы мемлекеттің статусын көтеретін демократия екенін әсте естен шығармауымыз керек. Мысалы, АҚШ-та республикалық және демократиялы қос партиясы бар. Бәсекелестіктің арқасында бір-бірінің кем-кетігін түзеп отырады. Қаншама қылмыстың ақ-қарасы ашылды. Тіпті қазір экс президент Дональд Трамптың заңсыз іс-әрекеттері анықталып, заң шеңберінде ісі қаралып жатыр. Міне осындай дүние бізге жетіңкіремейді. Жаңа Қазақстан демократиялы қоғамға жол ашуы тиіс. Сонда ғана еліміз алға жылжиды.
Ерасыл ШӘРІБЕК,
Суретті түсірген
Нұрболат Нұржаубай
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!