«Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген екен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Тілің мен ділің, дінің, дәстүрің мен ғұрпың сақталмаса, сен ешкім емессің. Әлеуметтік желіде Бекжан Тұрыстың «Сақтан қалған салтым бар, ғұннан қалған ғұрпым бар, түркіден қалған жұртым бар» деген сөзін көріп қалдым. Қандай керемет! Бірақ біз осы құндылықтың байыбына барып жүрміз бе?! Осы, ойланарлық нәрсе.

Жүрегінде титтей де болса, ұлтжандылық бар адам тым құрыса, ашқан дүкенінің немесе мейрамханасының атын қазақша қояр еді. Аңшылық қару-жарақ орталығын «Қансонар», тамақтану орталығын «Дәмді», сән орталығын «Сұлу» деп қойса, несі кетіп жатыр?! Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ортасы деп ұлттық құндылықтарды ұлықтайтынымызды айтамыз. Бірақ әрекетіміз бен сөзіміздің арасы атақты академик Асқар Жұмаділдаев ағамыз айтпақшы, алшақтап барады. Қазір сантиметр емес, шақырымға шақ қалды. Мұның барлығын жаһандану деп жұлқынып барып, жұтылуға асыққанымыз деуге болатындай.
Айырқалпақты деп қырғыз ұлтын менсінбейміз, бірақ олар біздің қасымызда құндылықтарын төріне шығарғанымен мықты. Қазір тіпті, мемлекеттік қызметкерлерінің барлығын мемлекеттік тілге міндеттеп жатыр. Құптарлық жайт. Кейде тіпті, халқымыздың қаймағы деп құрмет тұтқан мықтыларымыздың өзі балаларын орыс мектептеріне беріп жатқанын көріп, қынжыласың. Сонда біз кімге қарап үлгі алып келеміз?!
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жазғанда ішінде елдігіміздің, сондай бір батыл, ерлігіміздің, өзгелермен теңдігіміздің айқын көрінісін ашып алғандай болдық. Анығы сол: қазақы қалпымыздан ажырап бара жатқан соң бізге осындай бағдарлама керек болды. «Рухани жаңғыру» арқылы ұмытылғанымызды ойға алдық, жоғалтқанымызды қолға түсірудеміз. Міне, бізге осындай өміршең дүние керек.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Бала бастауыш мектепте бар пәнді тек ана тілінде ғана оқуы керек» деген екен. Міне, тіл мәселесінің мінберден түспеуіне ең алдымен баланы жастайынан туған ана тілінде тәрбиелеу жетіспей жатыр. Әйтпесе, баланың тілі қай тілде шыққанына байланысты қалыптасатынын қазақ атамыз әлдеқашан айтып кетті емес пе?! Ұлт ұстазы тағы бірде «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деп ой толғайды. «Шыбықты жасында қалай исең, солай қарай майыса өсетіні» де осыдан айқын.
Қыркүйек айы Білім күнімен басталып, тілдер мерекесіне жалғасады. Ал 5 қыркүйек, Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Елім деп өткен ердің әрбір ісі – кейінгіге өнеге. Бірақ, ата-баба әруағынан ұялатын сәттер болады. Осы біз олардың мирас етіп берген құндылығын өз дәрежесінде ұлықтап жүрміз бе? Ой таразысына салуды оқырман еншісіне қалдырдым.

Айнұр ТАЛПАҚОВА,
№44 орта мектеп мұғалімі,
Сырдария ауданы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!