Биыл Атырау облысында апатты мектептер проблемасы толық шешіледі. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Облысымызда 200-ден астам мектеп, оның ішінде 4 апатты және 11 үш ауысымды мектеп бар. Биыл апатты мектептер проблемасын толығымен шешеміз. Ал, 2025 жылы үш ауысымды мектептерді жою жоспарда. 2025 жылға дейін 53 мыңнан астам орынға арналған 34 мектеп салынады. Оның 12-сі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында. Биыл «Жайлы мектеп» жобасы арқылы 9 жаңа мектеп құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз», – деді облыс басшысы Орталық коммункациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, мектептер салу, оларды материалдық-техникалық жағынан жабдықтаумен қатар, білім сапасын арттыруға да көңіл бөлінеді.
«Бұл бағытта ауқымды жұмыс, талдаулар жүргізіліп жатыр. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы қабылданады», – деді Серік Шәпкенов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!