Ақтөбе облысында аудандық білім бөлімінің басшысы ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша сотталды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жөнінде облыстық соттың баспасөз қызметі мәлімдеді.

Алға аудандық сотында лауазымдық өкiлеттiктерін теріс пайдалану (ҚК 361-б. 4-б. 3-т.), қызметтiк жалғандық жасау (369-б. 1-б.) және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу (364-б 1-б.) айыбы бойынша сотқа берілген У.-ға қатысты қылмыстық іс қаралған.

Шенеунік екі эпизод бойынша сотталған:

Сотталушы аудандық білім бөлімінің басшысы бола тұра, алдағы мемлекеттік сатып алу туралы мәліметтерді игере отырып, материалдық пайда табу мақсатында оқу орталығын құрған. Ол, өзінің танысына тиесілі ЖК пайдаланып, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының талаптарын бұза отырып, білім бөлімі мен ЖК арасында балаларға қосымша білім беру қызметтерін көрсету жөнінде шарт жасасты. Осылайша, оқу орталығының заңсыз қызметі нәтижесінен сотталушы 1 268 000 теңге сомасында пайда көрген.

2-эпизод: 

Жазғы кезеңнің соңына қарай, білім бөлімі бюджеттен жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, көп балалы отбасылардың, мүмкіндігі шектеулі 300 балалардың  12 күнтізбелік күнге жазғы лагерьге жолдама сатып алуға бөлінген 18 850 000 теңге қаражатын игеруге үлгермейтінін түсіне отырып, сотталушы мемлекеттік сатып алуды өткізу туралы шешім қабылдайды.

Нәтижесінде, конкурс шарттары өзгертіліп, лагерьге белгіленген 12 күннің орнына 7 күнтізбелік күнге жіберілген 203 бала ішінен 160-ы жоғарыда көрсетілген санатқа жатпайтыны анықталды. Демалыс аяқталғаннан кейін, сотталушы қызметтік жалғандықты жасау ниетімен ресми қаржылық құжаттарға 12 күнге 300 жолдаманы қабылдау туралы көрінеу жалған мәліметтер енгізді. Сотталушының заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде білім бөлімі ЖШС шотына 10 280 674 теңге сомасында бюджет қаражатын негізсіз аударған.

Қылмыстық іс Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары мен сотталушы  арасында жасалған кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісіммен сотқа келіп түскен. Сотталушы сот отырысында процестік келісімнің мазмұнын қолдап, онымен толық көлемде, оның ішінде белгіленген жазамен де келісетінін мәлімдегені айтылады.

“Прокурор процестік келісімде сотталушының шын жүректен өкінгенін, кінәні мойындағанын және залалды ерікті түрде өтегенін ескере отырып, оған қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша түпкілікті жазаны өтеудің бүкіл мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағаттан мәжбүрлі еңбекке тарта отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындау туралы өтініш білдірді. Сондай ақ, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру түрінде қосымша жаза тағайындауды сұрады. Сот көрсетілген жазаны тағайындай отыра,  процестік келісімді бекітті”, – делінген ақпаратта.

Баспасөз қызметі заң талаптарына сәйкес, сот қылмыстық істі кінәні мойындау туралы келісім шегінде қарайтынын және процестік келісімде көзделген жаза шегінен асатын жаза тағайындауға құқығы жоқ екенін түсіндіру қажет екенін атап өтеді.

Сот тарапынан сондай-ақ Ақтөбе облысы білім басқармасының басшылығына жеке қаулы шығарылған. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!