«Лада Ларгус» автокөлігі «DAF» жүк көлігімен соқтығысқан.
фото: inform.kz
Ақтөбе облысы Қобда ауданы аумағында кеше болған жол апатынан төрт мұғалім көз жұмды, екеуі жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚазАқпарат бұдан бұрын жазғанындай, Самара-Шымкент автожолы бойында «Лада Ларгус» автокөлігі «DAF» жүк көлігімен соқтығысқан болатын.
БҚО білім басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, оқиға орнында жеңіл көлікте отырған Орал қаласындағы №47 мектептің педагог-дефектологы, Бәйтерек ауданы Новенький мектебінің дефектологы және Казталов ауданы К.Меңдәлиев атындағы мектептің логопеді қайтыс болды.
Оған қоса Орал қаласы психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің сурдопедагогы ауруханада дүниеден өтті.
«Сонымен қатар Орал қаласындағы №5 орта мектепте логопед болып жұмыс істейтін 27 жастағы қыз және Бәйтерек ауданы Үлкен Шаған мектеп-бөбекжай-балабақшасының педагог-дефектологы, 46 жастағы әйел жансақтау бөлімінде жатыр. Қаза болған және жол апатынан зардап шеккен педагогтердің отбасыларына қалалық, аудандық білім беру бөлімдері, мектептер және кәсіподақ тарапынан көмек көрсетілуде» деп хабарлады ведомстводан.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!