Ақтөбеде Toyota Land Cruiser көлігінің қатысуымен болған жол апаты салдарынан екінші оқушы қыз көз жұмды. Көлікті 9-сынып оқушысы тізгіндеген деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Еске салайық, жол апаты 4 наурызда Шалқарда 9-сынып оқушысы басқарған Toyota көлігі аударылған еді. Көлікте жүргізушіден бөлек 2 ұл мен 2 қыз болған. Олардың барлығы Шалқар қаласындағы мектептің 9-сынып оқушылары. 

Жол апаты салдарынан қыздардың бірі оқиға орнында көз жұмды, ал екіншісі ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. 16 жастағы қызға ашық бас сүйек-ми жарақаты, миға қан кету, мидың ісуі, бас сүйек негізінің сынуы диагнозы қойылды., Жарақат алған қыз комада жатқан, алайда 5 наурызда 18:30-да көз жұмды. 

15 жастағы ұлдардың бірі амбулаторлық ем қабылдауға жіберілген. Өзге 2 ұл облыстық ауруханаға жіберілді. Олардың бірінің ортан жіліктің төмен жағы сынған, екіншісінде жіліншігі бірнеше жерден сынып кеткен. 

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінде оқушы Toyota Land Cruiser көлігін ағасынан рұқсатсыз алып кеткен. Қазір Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу» бойынша тергеу басталды. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!