Айдынды Аралдағы білім ордалары ұлттық құндылықты қайта жаңғыртып, жаңа жобаларды іске асыруда. Облыстық білім басқармасы мен өңірлік коммуни- кациялар қызметі ұйымдастырған Арал мен Қазалы аудандарының білім беру мекемелеріне пресс-тур барысында білім саласындағы серпілістерді сезіндік.

Сапар басталған күні алдымен Арал ауданына табан тіредік. Ең алдымен №262 мектеп-гимназиясына барып, тың бастама, инновациялық жобалармен таныстық. Одан кейін балалардың қатысуымен қазіргі заманға сай ұлттық ойындардың жаңа форматына куә болдық. Оның ішінде қызықты тапсырмаларға толы «Көкпар», «Ақсүйек», «Қыз қуу» ойындары бар. Бұл ұмыт болып бара жатқан ұлттық ойындарды қайта жаңғыртудың керемет тәсілі.

Мұндағы заманауи үлгіде жабдықталған телестудия жұмысы да көп артықшылықтарға ие. Себебі «Журналист болам» деген жас жеткіншек үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Осы орайда мектеп директоры Руслан Сисенов білім ордасының жаңа жобаларымен таныстырып, оқушылардың жетістігі туралы сөз қозғады.

– Ұлттық бірыңғай тестілеу көрсеткіші бойынша кейінгі 5 жылдықта облыстағы жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Оқушыларымыз түрлі деңгейдегі жарыстарда өз білімін дәледеп, жүлделі орындар иеленуде. Біздің мектеп әрқашан оқушылар мен ұстаздардың тың жобаларына қолдау көрсетіп, сапалы білім алуына барынша жағдай жасайды, – деді мектеп директоры Руслан Сисенов.

Оқу орнының басшысы осы студия жанынан жақын аралықта «астрономия» кабинеті ашылатынын атап өтті. Қазіргі уақытта білім ордасында «Оқуға құштар» жобасы бойынша да ауқымды жұмыстар жүріп жатыр екен.

Мұнан соң «Алтын балық» балабақшасындағы бүлдіршіндердің бөбекжайдағы өмірі жайлы біліп, өнерін тамашаладық. Заманауи үлгіге ие болған ұлттық ойындардың балабақшадағы форматы ата-аналарға ұнайтын көрінеді.

Ал №220 мектепте «Медиа және журналистика» жобасы аясында ашылған студия жұмысы мен балалардың осы салада жеткен жетістіктері орасан. Біз барған уақытта «Мектеп театры» жобасы бойынша Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» кітабының желісіндегі драмалық қойылымы сахналанды.

– Екі-үш жылдан бері «Мектеп театры» жобасы аясында әртүрлі тақырыптағы бірнеше пьесаны сахналадық. Қазір оқушыларымыз үлкен сахналарда өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына ие болуда. Дәл қазір аудандық мәдениет үйінде Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» қойылымы ел назарына ұсынылуда. Қойылымнан түскен ақшаны ауыр сырқатпен науқастанып жатқан мектеп оқушысына бермекшіміз, – деді мектеп директоры Әліби Әбілдаев.

Айдынды Аралдағы №62 мектеп-лицейде инфокиоск бөлімі арқылы кітап оқуға мүмкіндік жасалғанын да айта кетейік. Сондай-ақ IT салаға қызығатын оқушылар үшін, арнайы құрылғылармен жабдықталған робототехника кабинеті жұмыс істейді.

Жолымызды Сексеуіл кентіне жалғап, кенттің мақтанышына айналған «Алма-Рай» балабақшасына арнайы бардық. Көрген көзге қуаныш ұялататын бөбекжай қаладағыдан еш қалыспайды. Мамандардың біліктілігі мен бүлдіршіндердің зеректігіне қарап таңдай қағасың. Балабақша меңгерушісі Алмагүл Еңсепова бөбекжайдың ерекшелігі туралы айтты.

– Балабақша алаңы кішкентайлардың танымдық қабілетін арттыру мақсатында безендірілген, әр топтың алаңы қажетті ойын және спорттық құралдармен қамтамасыз етілген. Әдістемелік кабинетте балалар мен ата-аналар арасында жұмыс түрлерін ұйымдастыруға көмек көрсететін қажетті әдістемелік, анықтамалық, танымдық әдебиеттер бар. Жыл бойы балалар әдебиетінің кітапханасы толықтырылып отырады. Барлық ойын құралдары балаларға қолжетімді және санитарлық талаптарға сай келеді. Балабақшадағы әдістемелік құралдардың талаптарға сай келуі мемлекеттік стандарт бойынша жүргізілген, – деді ол.

Мұнан кейін Сексеуіл кентіндегі №177 орта мектебіндегі оқушылардың жұмысымен танысып, «Ақмешіт» домбырашылар ансамблінің өнеріне тәнті болдық. Жас өнерпаздар орындаған Абайдың күйі «Торжорға» мен Құрманғазының «Балбырауын» күйі құлақтан кіріп, бойыңды алады. Бүгінде «Ақмешіттің» өнерпаздары жас ерекшеліктері бойынша «Кіші топ» (7-10 жас), «Орта топ» (10-13 жас), «Үлкен топ» (14-17 жас) болып үш топқа бөлінеді. Ансамбль құрамындағы Қадіржан Амедулла, Нұрдәулет Тәни, Рустам Жолдыбай, Қарақат Рахметқали, Әділжан Көпберген, Гүлсезім Қазиева сынды жеке орындаушылар – республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаттары. Ансамбль құрамында үш оқушыдан құралған «Ақмешіт» триосы да үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүр.

– Ашылғанына 4 жыл болған ансамбль облыстық, республикалық, халықаралық кон- курстарда және жекелей орындау байқауларында жеңімпаз атанды. Оқушылар Құрманғазы, Дина, Қазанғап, Түркеш, Дәулеткерей секілді күйшілердің 20-дан астам күйін орындап жүр, – деді Салиха Қабделова.

Бүгінгі заманның басты ерекшелігі, еліміздегі білім әлемін биікке көтеру болып тұр. Білімі мықты елдің ұрпағы білікті болып, Отанының тұтқасына айналып, тұтас әлемді зерделей алатынын – өркениетті елдердің өрелі тірлігінен көріп отырмыз. Сондай биікке көтерілу жолында аралдықтар да өзіндік қимыл-қарекетін жасау үстінде. Ниет еткені – білім сапасын арттыру, дамыған елдердің қатарына қосылу. Бұл жолда ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай отырып, саналы түрде әр істі сараптай алсақ, ХХІ ғасыр бәсекесінде ұтылмасымыз анық.

Мақсат ҚОСЫМБАЕВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!