Моңғолия төрінде өткен дәстүрлі сайысқа Қазақстан өз дарындарын үкілеп қосты. Ел құрамасы сапында білімін сынға салған Арман командаластарымен жемісті нәтиже көрсетіп, абырой биігінен көрінді. Физика саласы бойынша құнды тәжірибе жинақтап, аталған бағыттағы заманауи үрдістерді бақылауға мүмкіндік алды. Додада Қазақстан құрамасы үздік нәтиже көрсетіп, бір алтын, екі қола медаль иеленді.
Алтын медаль Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Ерсұлтан Пітебайға бұйырды. Ол былтыр Үндістанда өткен сайыста қола жүлде алған болатын. Сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Әлішер Еркебаев Азия олимпиадасының қола жүлдесін екінші мәрте еншіледі. Жеңімпаздар қатарына Сыр дарыны – Арман Бақытов та енді. Ол халықаралық сайыста II орын иеленіп, білім-білігін дәлелдей алды.
– Жарыс қызықты өтті. Қарсыластардан үйренеріміз де, оларға үлгі болар тұсымыз да жеткілікті екенін байқадық. Тынымсыз ізденіс пен білім алуға деген ұмтылыс жеңіске жетелеп, халықаралық сайыстан олжалы оралдық. Дегенмен ең басты жетістік – физика саласына қызығушылығымның арта түсуі. Себебі, осындай бәсекелерде ғылым жолының мәнін, адамзат үшін маңызын жете түсінемін. Таңдаған жол, алған бағыттың дұрыстығына сенім ұлғаяды, – дейді жеңімпаз.
Бүгінде Арман С.Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы. Сабақ үлгерімі мен тәртібі өзге оқушыларға үлгі болып, мектеп абыройын асқақтатып келеді. Физика пәнінен республикалық, облыстық олимпиада жүлдегері. Сондай-ақ, халықаралық «Туймаада-2022» және Жәутіков пәндік олимпиадасы мен Қазақстан білім олимпиадасы (КБО) байқауында үздіктер қатарынан көрінді. Жетекшісі – физика пәнінің мұғалімі Рамазан Хитаров та білімге ұмтылған жасты жазбай танып, тиісті бағыт-бағдар беруде.
Қазіргі таңда Арманға көптеген мүмкіндік есігі ашылуда. Мәселен, ол жуырда «Үздік аттестатқа» ұсынылса, SAT және IELTS халықаралық емтиханынан үздік нәтиже көрсету арқылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Гонконгтағы City университетінің грантын жеңіп алды. Алда жас физикті тағы бір маңызды дода күтіп тұр. 10-17 шілде аралығында Жапонияда физика пәнінен өтетін халықаралық олимпиадада бақ сынайды.
Еске сала кетейік, «Asian Physics Olympiad» олимпиадасы 2000 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұл – Азия-Тынық мұхиты елдерінің оқушылары жыл сайын қатысатын беделді білім бәйгесі. Биылғы бәсеке Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өтті. Оған 27 елден 200-ден аса оқушы қатысты.
Р.МАҚСҰТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!