Алматы облысында 37 балаға арналған бастауыш мектепте 137 бала оқып жатыр. Бала санының көптігінен мұғалімдер бөлмесі де сыныпқа айналған деп хабарлады turkystan.kz Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Сыз тартқан ғимараттан балалар да жиі тұмауратып қалатын көрінеді. Талай әкімге айтылған әңгіме үнемі аяқсыз қалатын көрінеді. Ауыл жұрты жаңа басшыға базынасын естіртті. Ал ең қиыны «бөлменің жетіспеушілігінен қыз бен ұл бір жерде шешініп, кинуге мәжбүр» дейді ата-аналар.

«Қыздарымыз ұялады. Кішкентай болса да, олар ұялшақ. Қыз бала ұлдардың алдында шешініп, киіну деген сұмдық», – деді Еңбек ауылының тұрғыны Шырынгүл Тоқтақынова.

«Дене шынықтыру сабағы жоқ. Оған арнайы спортзал жоқ. Асхана жайлы мүлде айтудың қажеті жоқ», – деді Еңбек ауылының тұрғыны Гүлдана Қуатбекова.

Бұл – ауылдағы 37 балаға арналған аядай мектеп. Бүгінде бала саны көп болғасын мұғалімдер бөлмесін де балаларға бөліп беріп, сабақ оқиды екен. Сондықтан қоңырау уақытында ұстаздар далада жиналыс өткізуге мәжбүр.

«Төрт бала оқытып отырмын. Біреуін Дендрариге балабақшаға жіберемін. Кішісі осында оқиды. Бұл мектепте ешқандай жағдай қарастырылымаған», – деді Өрнек ауылының тұрғыны Камила Мятбек.

«Бұл жер Өрнек ауылына белгіленген. Құжаттары дайын. Біз өз тарапымыздан іс-шараны атқардық, мемлекеттік акт жасадық», – деді Балтабай ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Cәуле Әліпова.

«Мектептің аты бар, заты жоқ» деген дүйім ел, баласын шамасы келсе көрші Еңбек ауылына тасып оқытады. Алайда ол мектептің де жағдайы мәз емес. Мектеп жабдықтары ескі, өрт сөндіру құралдарының мерзімі өткен.

«Бұл мәселені баяғыдан қозғап келеміз. Бала саны көп. Ең соңғы сабақ сағат 19:10-да аяқталады. Сол кезде балалардың үйіне қатынауы өте қиын. Мұғалімдер тарапынан екіге бөлінетін сабақтарға еңбек, орыс тіліне кабинет жетіспейді», – деді «Еңбек орта мектебі» КММ директорының орынбасары Бану Жанаева.

Тар мектепке талап айта келген тұрғындардың айтуынша, білім ордасының басшысы біршама үйірмені де жауап тастаған.

«Өрнек ауылына мектеп салу үшін 180 орындық жер телімін сұраған болатынбыз. Жер телімі дайын болған соң, облыстық білім басқармасына мектеп салуға сұраныс берілді. Ал Еңбек ауылына қатысты айтатын болсақ, Ақтоғандағы бейімделген мектеп қой. Ол ауылға тағы да 320 орынға жапсаржай құрылысын салуға тапсырыс берілді», – деді Еңбекшіқазақ ауданы білім бөлімінің басшысы Жарқын Нұрқалымов.

Еңбекшіқазақ ауданының білім бөлімі берген мәліметіне сәйкес жалпы ауданда 16 мектеп салу жоспарда бар. Әзірге бесеуінің құжаты аяқталып, құрылысы басталмақ. Алайда бұл тізімге Өрнек пен Еңбек аулынындағы мектепі енбепті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!