Тағы 6 оқу орнын жабуға қатысты шешімге шағым беріліп, ол сотта қаралып жатыр.

Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрі ретінде қызметін аяқтаған соң атқарылған жұмыс туралы есеп берді. Айта кетейік, маусым айында Білім және ғылым министрлігі екіге бөлініп, Асхат Аймағамбетов Оқу-ағарту министрі ретінде қызметін жалғастырып жатыр.

Министр жауапкершілігі төмен университеттерді жауып, сапаны қамтамасыз ете алмайтын ЖОО-ларды қайта бейіндеу бойынша күрделі жұмыстар жүргізілгенін атап өтті. Нәтижесінде 15 жоғары оқу орны жабылды.

«Бұдан бөлек, қосымша 6 оқу орнын жабуға қатысты шешімімізге шағым беріліп, ол сотта қаралып жатыр. Оның жалпы саны 21-ге жетіп отыр. Жабылған университеттердің 100 мыңнан астам студентін оқуын жалғастыру үшін басқа ЖОО-ларға ауыстырдық. 66 университеттің әлсіз білім беру бағдарламалары бойынша 505 лицензияны кері қайтарып алдық. Сонымен бірге оқытудың әлсіз бағыттары бойынша лицензияларды қайтарып алу бойынша тағы 4 ЖОО-мен сот процестері жүріп жатыр», – деп атап өтті министр.

Айтуынша, педагогикалық бағыттағы жоғары оқу орындарының саны (85-тен 50-ге дейін) қысқарған. Бұдан былай оқытудың тиісті сапасын қамтамасыз ететіндер ғана болашақ мұғалімдерді дайындай алады. Заңгерлерді даярлайтын университеттердің саны 72-ден 61-ге дейін қысқарды.

Алдағы уақытта ЖОО-ларға берілетін лицензиялар мерзімсіз болмайды. Олар 5 жылға беріледі, ал оларды қайта ресімдеу автоматты түрде емес, енді біліктілік талаптарына сәйкес болған жағдайда ғана жүргізіледі, – деп түсіндірді министр.

Оқу-ағарту министрі «Жоғары мектеп» лексиконынан «диплом фабрикалары» немесе «шаңсорғыш оқу орындары» сияқты терминдер көп ұзамай мәңгіге жоғалатынына сенім білдірді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!