ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен бүгінгі Үкімет отырысында Білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Осы жиын барысында ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов  бейіндік ведомства тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайында баяндама жасаған болатын. 

– Білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі  тұжырымдамасында стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда белгіліенген басымдықтар, Мемлекет басшысының тапсырмалары қамтылған. Біз түрлі халықаралық зерттеулердің, талдаулардың нәтижелерін  ескеріп, эксперттер мен педагогикалық қауымдастық арасында талқылап, тиісті ұсыныстарын да қамтыдық. Құзыреттілігіміз бойынша 6 бағыт, 17 индикатор және 109 іс-шара көзделген, – деді ол.

Негізгі бағыттарға тоқталсам. Бірінші – балаларды ерте дамыту бойынша. Білім саласының ең маңызды деңгейі – балабақша. Зерттеулерге сәйкес, баланың интеллектуалды, әлеуметтік, эмоциялық, физиологиялық дамуына балабақшалардың әсері орасан зор. Сол себепті балаларды ерте дамытудың  жаңа моделі енгізілуде. Бағдарлама да, оқыту әдістері да түбегейлі өзгеруде. Бұл тәуелсіздік жылдарынан бастағанда мектепке дейінгі білім жүйесіндегі ең үлкен өзгерістің бірі екенін айтқым келеді.

Бұның алдындағы бағдарлама тым академиялық болып, 3-4 жасар балаларды  отырғызып қойып 20 минуттан сабақ оқытсақ, енді халықаралық тәжірибені ескере отырып, тәрбие мен оқыту балалардың жас ерекшедіктеріне сәйкес, ойын арқылы жүргізіледі. Ойын – баланың жаны мен тәніне сай келетін табиғи әрекет. Бала сол арқылы қоршаған әлемді зерттеп, оны тани отырып, қажетті дағдыларын дамытады.

Яғни баланың тұтас дамуы үшін барлық жағдайлар қарастырылады. Балалар коммуникативті, өзіне сенімді, қиындықтарға төзімді, дендері сау, ашық және креативті ойлайтын,  отансүйгіштік, еңбекқорлық пен білімге құштарлық құндылықтарын бойына сіңіріп балабақшадан тәрбиеленіп шығатын болады, – деді Асхат Қанатұлы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!