Бүгін Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов педагогтардың біліктілігін арттырудағы жаңа тәсілдерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Білім беру сапасын жақсарту мәселесіндегі ең маңызды фактор – ол мұғалімдердің дайындық деңгейі. Осыған байланысты педагогтардың біліктілігін арттыруда қандай жаңа тәсілдер қолданылуда?» – деп сұраған еді Премьер-Министр Әлихан Смайылов Оқу-ағарту министрінен. Сауалға жауап берген Асхат Аймағамбетов педагогтардың біліктілігін арттырудағы бірнеше жаңа тәсілді атады.

«Білім беру сапасы үшін педагогтардың біліктілігін арттыру өте маңызды. Сондықтан, біз бірнеше бағытта жұмыс атқарып жатырмыз. Біріншіден, олардың біліктілігін үздіксіз арттыру үшін заңнамаға өзгерістер енгіздік. Президент тапсырмасын орындадық. Енді педагогтар бес жылда емес, үш жылда біліктілік арттыру курстарынан өтеді. Екіншіден, педагогикалық мамандықтар бойынша оқуға түсу үшін шекті балды 50-ден 75 балға дейін көтердік. Үшіншіден, биылдан бастап педагогикалық мамандыққа жұмысқа тұру үшін тек дипломмен емес, арнайы өз пәнінен тест тапсырып, сертификаттан өту енгізілді. Төртіншіден, біліктілік арттыру курстарының барлық бағдарламасын түбегейлі өзгерттік. Бесіншіден, биылдан бастап жаңа форматта әр пән бойынша курстар енгіздік. Тағы бір жаңалшылдық, педагог курстан өткеннен кейін емтихан тапсырады. Тек емтихан тапсырған педагог қана сертификат алады. Тапсыра алмағандарға қосымша көмек көрсетеміз», – деді министр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!