ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынатын мектептердің бұған дейін салынған мектептерден 8 айырмашылығы бар екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бірінші – бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқиды. Сәйкесінше, олардың өз оқу кабинеттері, әжетханалары, спортзалдары болады. Екінші – балалардың қаупсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Бейнебақылау, дыбыстық дабыл сияқты қауіпсіздік нысандары орнатылады. Келесі – оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын, ауыстыратын киімдерін сақтайтын жеке шкафтар, кітап оқуына, демалуына, шығармашылық әлеуетін дамытуға тиісті жағдайлар қарастырылған. Төртінші – мектеп ең заманауи физика, химия, биология, робототехника сияқты кабинеттермен қамтамасыз етіледі. Әр кабинетке тиісті экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жоғары жылдамдықты интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі», – деді ол Үкімет отырысында.
Сондай-ақ, министр мұндай мектептерде ерекше балаларға ерекше жағдай жасалатынын атап өтті.
«Бесінші – арнайы білімді қажет ететін балалар үшін қажетті жағдай жасалады. Алтыншы – спортзал мәселесі. Мысалы, қазіргі күні 1 200 оқушыға арналған мектепте көбіне бір спортзал ғана қарастырылған. Онда таңертеңгі 8.00-ден кешке дейін бір уақытта 4-5 сынып үшін дене шынықтыру сабағы өтеді. Ал жайлы мектептерде балалардың жас ерекшелігіне байланысты бірнеше спортзал қарастырылған. Жетінші – жаңа мектептерде мұғалімдерге де барлық жағдай жасалады. Мұғалімдердің кабинеттері, кәсіби зоналар, қосымша білім беруге арналған немесе жиын өткізу залдары, әр қабинетте интернетке қосылған жеке компьютерлері болады. Сегізінші – жайлы мектептер community орталығының рөлін атқарады. Әсіресе, бұл ауылдық жерлерге қатысты. Оған қоса, мектептер балаларды еңбекке баулу үшін ресурстық орталық қызметін атқарады», – деді Асхат Аймағамбетов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!