Алматы облысы Талғар ауданы Дәулет ауылында жаңадан салынған мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Дәулет ауылында бес мыңнан астам тұрғын, 1000-ға жуық оқушы бар. Алматының іргесінде орналасса да ауыл білім ошағына жарымай-ақ қойды. 2019 жылы салынған мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оқушылар онлайн білім алуға мәжбүр.
«Мектеп салынса да дұрыс оқымадық. Карантин басталды, сосын ғимарат қабырғасында жарық пайда болып, едендері түсе бастады», – дейді ауыл тұрғыны Гүләйім Омарова.
«Балалар онлайн оқып келеді. Онлайн оқуда не білім болады? Мектепті бір айда бітіреміз дейді, бірақ ол уәдеге сенбейміз», – дейді ата-аналардың бірі Төлеміс Құдиярова (аты-жөні өзгертілген).
Нысанға тапсырыс беруші – Талғар ауданының құрылыс бөлімі. 2017 жылдың 23 қарашасында «Еламан» ЖШС-мен 1,6 миллиардқа келісім шарт жасалған. Жобалаушы – «Нұр Құрылыс – 80» ЖШС. Техникалық бақылаушы «УКС» ЖШС
Мектеп құрылысы 2017 жылдың 1 желтоқсанында басталып, 2019 жылдың оқу жылында пайдалануға берілген. Оны жабдықтауға 71 млн теңге бөлінген.
«2020 жылдың қаңтар айында жер асты сулары деңгейінің көтерілу салдарынан мектеп ғимаратының қабырғалары мен едені шөгіп қалды. Жобалаушылардың геологиялық барлау жұмыстарын дұрыс орындамағаны салдарынан осындай олқылықтар орын алды. Себебі жобалаушы мекеме мектеп ғимаратын жер астында батпақ пен шөгінді топырағы бар аумаққа салған», – дейді Талғар аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ашылмай жатып жабылған мектепке қыруар қаржы жұмсалып, күрделі жөндеу жұмыстары қайта жасалып жатыр.
«Қазіргі уақытта мектеп ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 94,663 млн теңгеге ашық конкурс жарияланып, 15 қыркүйекте «Айт-Мус құрылыс» ЖШС-мен 81,760 млн теңгеге келісімшарт жасалды. Нысанға демонтаж жұмыстары жүргізіліп, 1-ші қабаттағы бөлмеаралық қабырғалар толық алынды. Екінші қабаттағы еденнің де бетоны алынып, 3-ші қабаты бұзылып жатыр», – дейді әкімдік.
Үш қабатты мектептің шөгіп кеткен еденін биіктету үшін әркім бір келіп, қабат-қабат цемент құйған. Қазіргі құрылысшылардың айтуынша, еден кемінде 10 см шөккен. Ғимараттың үшінші қабатында да жарықшақ пайда болған.
Жергілікті биліктің айтуынша, мектептің бірінші қабатын жөндесе болды, балалардың өміріне қауіп төнбейді.
Қойылған конструциялардың және 1,2-ші блоктардың жобалық шешімдерге сәйкестігі туралы қорытындысы алынды. Оған сәйкес мектеп ғимаратының өмірге қаупі жоқ.
«9 қыркүйекте мектептің дренажында күрделі жөндеу жұмыстарын орындауға 51 млн 563 мың теңге қосымша қаражат бөлініп, конкурс жарияланды», – дейді әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қазіргі күні мектепте он адамнан тұратын құрылыс бригадасы жұмыс істеп жатыр. Олардың айтуынша, бірінші қаңтарға дейін күрделі жөндеу аяқталмауы мүмкін, сол себепті ертеңнен бастап қосымша он құрылысшы бригадаға қосылады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!