Нұр-Сұлтанда бірқатар коммуналдық мекеме қызметкерлерінің жалақысы өсті. Бұл жайында қала әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қызметкерлердің еңбек жағдайын жүйелі түрде жақсартуды ары қарай жалғастырамыз. 1 маусымнан бастап әлеуметтік, мәдениет (кітапханалар, мұражайлар), спорт, жергілікті полиция қызметі және басқа мамандарының жалақысы көтерілді. Осылайша елорда мекемелерінде жұмыс істейтін 4 мыңға жуық маман қамтылды. Мәселен әлеуметтік мекемелер, медициналық-оңалту орталықтары, кітапхана және басқа орындарда жұмыс істейтін, жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысы 30%-дан 50%-ға дейін көбейді» деп жазды әкім Instagram парақшасында. Осыған байланысты ол бірнеше мысал келтіріп өтті. Мысалы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы және «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 1,5 есе өскен. Ал кітапханашылардың жалақысы 30%-дан аса («Орталық кітапхана жүйесі» КММ), суретшілердің жалақысы 50%-ға өсті. Жергілікті полиция қызметінің жалақысы 30%-ға дейін көтерілді, азаматтық қызметкерлер (С, D санаттары және разрядтаушылар) 1,8 есе өсті. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осыған дейін медицина қызметкерлерінің, педагогтардың, коммуналдық кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысы көтерілген болатын. Осы бағыттағы жұмысты ары қарай да жалғастырамыз» дейді Алтай Көлгінов.

Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/astanada-kitaphanashylar-suretshiler-zhane-policeylerdin-aylygy-osti_a3957036


 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!