Фото: istockphoto.com

Қазақстанның елордасы – Астанада жалпы білім беретін 189 мектеп бар. Соның 36-сы ғана таза қазақ тілінде оқытса, 69 мектеп аралас тілді екен. Ал орыс мектебі біреу ғана болып шықты. Бұл туралы қалалық білім басқармасының Azattyq Rýhy ресми сауалына берген жауабында айтылған.

Астанада жұмыс істейтін 189 білім ошағының 110-ы – мемлекеттік, 72-сі – жекеменшік, ал 7-уі –  республикалық. Осы мектептерде қазір барлығы 285 954 оқушы білім алады.

«Соның ішінде мемлекеттік мектептерде – 234 697, жекеменшік мектептерде – 44 696, республикалық мектептерде 6 561 бала білім алады. 36 қазақ мектебінде 71 702 бала, 1 орыс мектебінде – 293, ал 69 аралас мектепте 161 124 бала оқиды», – делінген ресми жауапта.

Астана халқы жылдан жылға көбеюіне байланысты білім беру жүйесіне де үлкен сұраныс туып отыр. Білім басқармасының ақпаратына сүйенсек, қазір қалада 5 үш ауысымды мектеп және 14 тығыздалған мектеп бар. Ал мектептердегі орын тапшылығы 24 445 орынға жеткен.

«Осы мәселелерді шешу мақсатында қалалық білім беру жүйесінде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл жоспар бойынша 30 990 орындық 23 мектеп ашылады. Бұл мектептердің 3-еуі – Білім инновациялық жоба, 15-і – «Жайлы мектеп» және 5-уі жекеменшік мектеп болады. Бүгінгі таңда 20 190 орындық 17 мектеп ашылып, іске қосылды. Олардың ішінде 3 БИЖ, 10 «Жайлы мектеп» және 4 жекеменшік мектеп бар. Осы жылдың соңына дейін тағы 10 800 орындық 5 «Жайлы мектеп» және 1 жекеменшік мектеп пайдалануға беріледі. Осылайша 2 үш ауысымды мектеп (№71, 79) пен 3 тығыздалған мектептің (№63, 78, 85) мәселесі шешілмек», – дейді білім басқармасындағылар.

Ал 2025 жылы қалған 2 үш ауысымды мектеп (№37, 83) және 7 тығыздалған мектептің (№№62, 64, 72, 74, 75, 86, 87, 89) проблемасы шешіледі. Қалалық әкімдік келесі жылы 20 209 орындық 17 жаңа мектепті ашуды жоспарлап отыр.

Қазір елордада апатты деп танылған екі мектептің оқушылары басқа білім ошақтарына ауыстырылған. Апатты мектептердің орнына заманауи ғимарат салу үшін қалалық Құрылыс басқармасы құжат жинап жатыр екен. Жаңа мектептердің құрылысы 2025 жылдың 4-тоқсанына жоспарланған.

Елорданың білім беру саласында 26 мыңнан астам мұғалім қызмет етеді. Ұлттық білім беру деректер базасының мәліметі бойынша, қазір Астанадағы мектептерге 154 мұғалім жетіспейді. Оның көбі – орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдері, математика, информатика, орыс тілі мен әдебиеті, физика, арнайы педагогтері.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!