Жетісу облысына қарасты Текелі қаласындағы №8 мектепте ерте жүктілікке қатысты оқушылар арасында жүргізілген іс-шараға ата-аналар наразылық білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ата-аналар оқиғаға байланысты наразылықтарын әлеуметтік желіде хабарлаған. Олар кәмелетке толмаған балаларымен ерте жүктілік тақырыбы ашық талқыланғанына қарсы екендерін жазған.

Шағымға қатысты ҚазАқпарат тілшісі Жетісу облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Адамбековаға хабарласып, мән-жайды анықтады.

«19 сәуірде Текелідегі №8 мектепте кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссияның хатшысы мен аурухана психологы 7-9 сынып оқушыларымен кездесті. Қонақтар негізінен буллинг пен кибербуллинг тақырыбын көтеріп, оқушылармен әңгімелескен. Аурухана психологы басқосуды ерте жүктілік тақырыбымен жалғастырған. Содан соң балаларға парақша таратқан. Бірақ онда не жазылғанын мектеп басшылығына таныстырмаған», – деді Жетісу облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Адамбекова.

Ата-аналардың шағымынан кейін Текелі қаласының білім бөлімі арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, осындай келеңсіздікке жол берген аурухана психологына көпшіліктен кешірім сұрату жөнінде шешімге келген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!