Балабақшаға қажетті кеңсе тауарларын ата-аналар алуы керек пе? Әлде мекеме әкімшілігі қамтамасыз етуге міндетті ме? Бұл сұраққа Ақтөбе облыстық білім беру басқармасының басшысы Жолдас Батырхан жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Диапазон» газетіне сілтеме жасап.

Өңірдегі ата-аналардың бірі балабақшаға қажетті кеңсе тауарларын сатып алуға 10 мың теңгеге жуық ақша жұмсағанын айтып шағымданды. Айтуынша, бұл тізімде «дәптер, қарындаш, тіпті қайшы бар». “Өткен жылы сатып алынған қайшылардың қайда кеткені белгісіз”, – деп ашынады ата-ана. Бұған қатысты өңірлік білім беру басқармасы пікір білдірді. 

«Мектепке дейінгі білім беру мекемесіне баратын балаларға қажетті барлық кеңсе тауарларымен балабақша әкімшілігі қамтамасыз етуі тиіс. Облыстық білім беру басқармасы мен бөлімдері әр білім беру мекемесіне ата-аналардан ақша жинауға тыйым салынатыны жөніндегі бұйрықты жеткізді. Балабақшалар қосымша заттар алу туралы талап қоя алмайды. Бұған қатысты шара қолданамыз. Барлық шығындар, оның ішінде кеңселік тауарлар шығыны қаржыландыру әдістемесінде қарастырылған. Сондықтан ата-аналар қаржылай да, тізім бойынша да тауарлар әкелуге міндетті емес», –  дейді білім беру басқармасының басшысы Жолдас Батырхан. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!