Мерей Нұрділдақызы жетекшісі Жеңісбек Жалмырзаевпен тәжірибе жасау барысында

Жыл өткен сайын автокөлік өндірісі жоғары бәсекемен дамып келеді. Экологиялық зияны жоқ, өздігінен жүретін көліктер, ұшатын машиналар соның дәлелі. Жуырда Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Мерей Сембай бұл салаға тағы бір жаңалық енгізді. Оның ұсынған тың жобасы автокөліктер қозғалысы арқылы электр энергиясын өндіруге бағытталған.       

Идея авторының айтуынша, жобаның негізгі мақсаты әмбебап құрылғыны ойлап табуға негізделген. Ол бірнеше механикалық бөлшектерден (білікше, маховик, серіппе т.б.) және тоқ генераторынан тұрады. Аталған құрылғы көліктер көп шоғырланған аймақтардың, ұзын көшелердің жер асты бөлігінде орналастырылады. Бір ұтымды тұсы, жер астындағы платформа үстінен көлік өткен сайын төмен түсіп, серіппе көмегімен қайта орнына келеді екен.

‒ Бұл фильмдегідей аяқасты дүниеге келген идея емес, жобаның жалпы нұсқасы бірнеше ай бойы ойымда жүрді. Көшеде үздіксіз ағылған көліктерді көрген сайын «олардың жылдам қозғалысы арқылы қандай пайдалы дүние жасауға болады?» деп іздене бастадым. Арада біраз уақыт өткен соң жетекшім Жеңісбек Жалмырзаевпен осы тақырыпта ой бөлісіп, жоба жайлы талқыладық. Зерттей келе автокөлік қозғалысындағы шығын энергиясынан электр энергиясын өндіріп, балама қуат көзіне айналдыруға болады деген шешімге келдік. Әрі қарай жобаның сұлбасы сызылып, есептеулер жүргізе бастадық, ‒ дейді жоба авторы.

Қоршаған ортаға, адамдардың денсаулығына және көлік жағдайына еш зиянын тигізбейтін бұл жоба қалдық болып бөлінетін энергияны тиімді жинақтауға көмектеседі. Ең маңыздысы, ол жеке адамның мүддесіне емес, қоғам игілігі үшін жасалған құрылғы. Сондықтан жоба өндіріске енсе, оны жеке автокөлікпен қоса қоғамдық көлік жүгізушілері де пайдалана алады.

       ‒ Құрылғының құрылысы қарапайым болған соң, істен шыққан бөлшектерді алмастыру көп қаржыны қажет етпейді. Әзірге экономикалық, экологиялық және энергетикалық тұрғыда тиімді саналатын жобамның кемшін тұстары жоқ деп есептеймін. Отандық тәжірибеде бұл құрылғының баламасы жоқ. Алайда негізгі идеясы ұқсас, көлік шинасына орналасқан генераторлар секілді концепцияларды кездестірдім, ‒ дейді өнертапқыш.

Өткен жылдың қаңтар айында қолға алынған жоба 20 күндік ұлттық STEAMUP жарысында ІІІ орын иеленген. Тіпті физика пәніне ерекше қызығушылық танытатын Мерейге оқуда озат болғаны үшін Стенфорд жазғы университетінің оқу курсына қатысуға жолдама беріліпті.

     ‒ Бұл құрылғыны тәжірибеден өткізу үшін бізде қаржылай қолдау пен уақыт тапшы болды. Сондықтан біз құрылғының кішігірім нұсқасын (макетін) жасап шықтық. Ол құрылғының жұмысын демонстративті түрде көрсетуге септігін тигізді. Әлі өндіріс орындарына ұсынып үлгермедік, алайда алдағы уақытта патент алу жоспарымызда бар, ‒ дейді Мерей Нұрділдақызы.

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА  

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!