Ауыл мектебін жан басына шаққандағы қаржыландыруға шұғыл көшіру керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Білімнің теңсіздігі әлеуметтік теңсіздікті тудырмауы керек. Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты қысқартуға қатысты Оқу-ағарту министрлігі жүйелі жұмыстарды, кешенді жобаларды қолға алды. Бірақ, бұған қоса ауыл мектептерінің кешенді дамуын қолға алу қажеттігін атап өткім келеді», – деді Мәжіліс депутаты республикалық тамыз конференциясы барысында.

Оның атап өтуінше, мүмкіндік болса биылғы жаңа оқу жылынан бастап ауыл мектептерінде жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу керек.

«Өйткені, көптеген ауыл мектебіндегі жан басына шаққандағы қаржыландырудың болмауы себебінен материалдық-техникалық жабдықталуы сынды көптеген мәселе шешілмей жатыр. Сондықтан, ауыл түлектерінің еңбек нарығына сай болып дамуы үшін ауыл мектептерін дамыту қажет», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!