Бала – елдің болашағы. Қазақ халқы нәресте дүниеге келгеннен бастап ерекше ықыласпен қараған. Шыр етіп дүние есігін енді ашқан перзентке бесік жыры не үшін, ертегіні не үшін айтады деп ойлайсыздар? Әрине оның барлығы саналы тәрбиелі ұрпақтың өсіп жетілуі үшін.
Бала ана құрсағында жатқан сәттен барлығын сезеді.Ғалымдардың зерттеуінше, бала ана құрсағынан бастап тәрбие алады.Ана құрсағында бала бар кезде ғибратты сөздер тыңдап,ертегілер тыңдап,жақсы сөздер естісе, бала дүниеге келгеннен бастап байсалды,сабырлы болады.Қазақ халқында бала тәрбиесінде ауыз әдебиеті үлгілері ерекше орын алады.Ата-бабаларымыз бала тәрбиесінде тұрмыс-тіршілігін ,әдебиеті мен мәдениетін қатты ұстанған.Қазір дамыған ақпарттық-технологиялар заманы болғандықтан, балалардың кейбірі ғана бесік жырын тыңдаса, енді бірі тыңдамайды.
Халқымыз әрқашан жас нәрестенің дүниеге келуін қуаныш еткен. Баланы жұбату, ойнату, тәрбиелеу, оның алдына неше алуан тілек-мақсаттар қою өлеңмен, жырмен, көркем сөзбен айтылған. Өйткені «Адам – дүниені ұйымдастырушы, екінші жаратылысты, мәдениетті жасаушы күш-қуаттың иесі, адам –жаратылыстың органы, жаратылыс оны өзін тану, өзін көркейту үшін туғызған, міне балаларға осыны ұғындыру керек.» деген М.Горький. Демек, халық ауыз әдебиетінің алғашқы пайда болуы, шығуы халықтың балаға арнап айтқан өлең, жыр, ертегілерден басталады.Осы салаларды балалардың жас ерекшеліктеріне қарай және оларды жалықтырып алмайтындай етіп, бойларына сіңіру әрі олардың тілдерін дамыту үлкен жауапкершілікті талап етеді.Себебі сәби жастан бастап балаларға ертегі тыңдатып, халық ауыз әдебиетімен сусындату келешек ұрпақтың ойының ұшқырлығына, тілінің байлылығына, сана – сезімінің өсіп дамуына көп әсерін тигізеді.
Әлем таныған Абайдың өзі жастайынан ертегі-әңгімелерге қанып өскен.Оған себеп Абай жолындағы Абай әжесі Зеренің тізесіне басын қойып,«Бұлдыр бұлдыр күн өткен.Бұрынғыда кім өткен» деп бастаған әжесінің ертегілері мен жырларын ұйып тыңдаған.Мұның барлығы бала қиялының дамуы,тілінің ,санасының дұрыс жетілуінде маңызы зор.
Балалық шақтан балаларды қоршаған болмысқа дұрыс түсінікті тәрбиелеу қажет. Әрине, бала қоршаған ортамен өзі танысады. Дегенмен, отбасы, балабақша балада болмысқа деген белсенді танымдық қатынасты оятуға бағытталуы керек. Болмысқа танымдық қатынасты ояту мен тәрбиелеудің бір жолы – өмірді тікелей бақылаудан басқа танымдық әдебиеттерде жатыр.
Мені ата-анамнан, мектептен бөлек, ақ пен қараны ажыратуға тәрбиелеген ертегі деп айта аламын.Мен кішкентай кезімнен ертегі оқығанды жақсы көремін.Әріп таныған сәттен бастап жан-жануарлар туралы ертегі оқығанды ұнататынмын.Оның бірі «Аю мен екі дос» туралы ертегі.Мен бұл ертегіні оқи отырып достықтың екі түрі болатынын ұқтым.Жаныңда жүргеннің бәрі бірдей дос бола бермейді екен.Бірі адал дос,енді бірі амал дос.Басына күн түскен кезде сені тастап кететін адамдармен дос болмау туралы осы ертегіден ұқтым деп айта аламын.Дәл осындай жан-жануарлар мен адамдарды салыстырып,ой түйгізетін ертегілер баланың қоғамды дұрыс тануына ықпал етеді.Сонымен қатар, анам сіңілім екеумізді бесікке бөлеп,сіңілім екеумізге бесік жырын айтады екен. Қазақ халқының болмысын қараңызшы иә?!Әрбір жасаған іс-әрекеттері мән-мағынамен жасалған.Бесікке бөлеу баланы тазалыққа үйретеді,денесінің дұрыс өсіп-жетілуіне көмектеседі.Кішкентайынан бала бойына адами құндылықтарды дарытып отырса, саналы,адамгершілікті ұрпақ қалыптасады.
Мен қазіргі таңда М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығында білім алудамын. Бұрын оқыған ауыз әдебиеті үлгілері,ертегілер маған әрқашан көмектесіп келеді. Мамандық ерекшелігіне сай 5-9 сынып аралығындағы мектеп оқушыларына барып, тәжірибеден өтеміз.Сол кезде оларға білгенімді үйретуге оқыған ертегілерім, жаттаған өлеңдерім үлкен көмегін тигізеді.Сонымен қатар, ауыз әдебиеті пәні колледжде жеке оқытылып,ауыз әдебиетіне деген қызығушылығымды одан әрі ұлғайтты. «Фольклорлық практика» деген атаумен тәжірибе жинақтау сағаттары да өткізілді. Мен ол сабақта ауыз әдебиеті үлгісі тек ертегі ғана емес екенін түсіндім. Қазақ халқының мұрасының зор екенін осы тұста тағы бір байқай алдым.
Қорытындылай келе, ауыз әдебиетімізде халқымыздың түсінік, пайымы, тәлім-тәрбиесі бар. Осыдан үлгі-өнеге алып, ата-бабамыздың аманаттап кеткен асыл қазынасын жоғалтпай, мына жаһандану заманында құндылығын арттыра берейік!
Диана НҰРХАН,
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!