Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті журналистика факультетінің студенті, республикалық «Халық» газетінің тілшісі, белсенді жас Азамат Абимолда осы жылы түрлі дәрежедегі 3 бірдей стипендияның иегері атанып, білімі мен білігін дәлелдеп келеді. Жас өрен білім жолындағы бәсекелестерінен бір саты биік тұруының сырымен, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Білімді мыңды жығатыны белгілі. Білімі арқылы қатарластарына үлгі боп жүрген Азамат алдымен ҚР Президентінің шәкіртақысына қол жеткізді. Айта кету керек, ол өткен жылы да аталмыш стипендияның иегері атанған болатын. Биыл да Президенттік стипендия иегерлерінің тізіміне енді. Жалпы, бұл стипендия 1-курстан бастап GPA көрсеткіші «өте жақсы» (А, А-) оқитын студенттерге ғана беріледі. Сонымен қатар стипендияны иеленгісі келетін студент республикалық және халықаралық олимпиадалардың, шығармашылық конкурстардың лауреаты болуы керек. Мұнымен қоса, ғылыми еңбек жинақтары, мақалалары жарыққа шығуы қажет. Және университеттің белсенді студенттерінің қатарынан болуы да басты талаптардың қатарында. Міне, осы шәкіртақыға Азамат екі жыл қатарынан ілінді.
Сөзі мен ісі сай студент 2022 жылы «ZhaSTAR» Халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің аясында Нұрсұлтан Назарбаев қорының стипендиаты атанды. Стипендиялық бағдарламаның мақсаты – белсенді дарынды жастарды анықтап, студенттердің оқу, ғылыми, шығармашылық және қоғамдық қызметін ынталандыру. 2022 жылдың 18 сәуірі мен 30 маусымы аралығында өткен бұл байқауға барлығы 293 өтінім түскен екен. Азамат Саматұлы «Өнер және мәдениет» бағыты бойынша бақ сынап, үздіктер қатарынан табылды. Байқауға 25 оқу орнынан 112 өтінім келген. Байқау бүкіл Қазақстанды қамтып, қазылар алқасы жалпы жастарды түрлі бағыт бойынша сынға салды.
Дегенмен Азаматтың үздік 35 студенттің қатарына кіріп, Нұрсұлтан Назарбаев қорының стипендиясына ие болуы – біз үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін жақсы жаңалық. Азаматтың айтуынша, бұл байқаудың құжаттарына аса ұқыптылықпен қарау қажет екен. Өйткені, бірнеше беттен тұратын құжаттарды жинап, сараптау керек екенін жеткізді.
Сонымен бірге Оңтүстік Корея мемлекетінің «Кореин Кум» фондының 500 доллар көлеміндегі бір реттік стипендиясын да иеленді. Айта кету керек, бұл шәкіртақының құжатын жинау талабы да өзгеше. Өйткені, үміткер Рersonal statement жазып, корей тілін білу деңгейін көрсетуі қажет. Бұлар – басты талаптар. Әрі студенттің белсенділігі мен еріктілік қызметі, қоғамдық шаралардан қалыс қалмауы да жоғары бағаланады. Оған еліміздің 20 өңірінен 130-ға жуық үміткер қатысқан. Азамат конкурстың іріктеуінен өтіп, алғашқы 30 стипендия иегерінің қатарына іліккен. Айта кету керек, оның стипендия іріктеуі үшін корей тілінде жазылған мотивациялық хатын қазылар қатысушылардың ішіндегі ең үздігі деп бағалаған.
Азамат – қазіргі таңда қаламын қару етіп, ақпарат майданына енген жас журналист, тәжірибе жинап, студенттік кезеңде-ақ өзін шыңдап жүрген маман. Ол респубикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз «Халық» газетінің және Halyqline.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.
– Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті болу – мен үшін мақтаныш. Университеттің білім алушыларға берер мүмкіндігі көп. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы шетелдегі университеттерде білім алып, қос диплом бағдарламасымен екі жақты маман болып қалыптасуға мүмкіндік бар. Түрлі стипендияларға қол жеткізуге де болады.
Биыл үш бірдей конкурстың стипендия иегері болдым. Оның бірі – ҚР Президентінің шәкіртақысын екінші мәрте алдым. Жалпы бұл стипендия 1-ші курстан бастап GPA көрсеткіші «өте жақсы» студенттерге беріледі. Сонымен қатар, биыл Оңтүстік Корея мемлекетінің «Корени Кум» фондының бір реттік стипендиясын иелендім. Бұл байқаудың шәкіртақысына қол жеткізу үшін «Personal statement», яғни корей тілін жақсы білу қажет. Осы арқылы конкурстың іріктеуінен сүрінбей өтіп, алғашқы 30 стипендия иегерінің қатарынан көріндім. Тағы да бір «ZhaSTAR» Халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің аясында Нұрсұлтан Назарбаев қорының шәкіртақысы бұйырды. Стипендиялық бағдарламаның негізгі мақсаты – белсенді әрі дарынды жастарды анықтау арқылы білім алушылардың ғылыми және шығармашылық тұрғыда ынталандыру. Аталған байқаулардың шәкіртақысына іліккеніме қуаныштымын. Алдағы уақытта Корей мемлекетінде білім алуды жоспарлаудамын, – дейді Азамат Саматұлы.
«Азамат сабағымен қатар, өз қызығушылықтарына да ерекше мән береді. Жұрт 2020 жылы үйде пандемия деп төрт қабырғада тамақ пен онлайн-сабақты ермек еткенде ол уақытын зая кетірмей, кәріс тілін үйреніп, Ли апайының берген тапсырмаларын орындап жүретін. Орыс, ағылшын тілдерін жақсы біледі, оған қоса бұл тілді де меңгерсе несі айып?! Сөйтіп жүріп, биыл жазда Оңтүстік Корея елшілігі ұйымдастырған «Арманыңды жүзеге асыр» байқауына қатысуға бел байлады. Оған еліміздің 20 өңірінен 130-ға жуық үміткер қатысыпты. Басты талаптарына міндеттелген құжаттарды өткізумен қатар, мотивациялық хат жазу да кіреді. Азаматқа «Тілді үйренгеніңе көп бола қойған жоқ, кәріс тілінде хат жазуға шамаң жете ме?» десем, тілді меңгергеніне екі жылдай болып қалғанын айтып тұр.
Студентімнің осындай жетістікке жеткеніне қатты қуандым. Мақтаныш сезімі кернеді. Құтты болсын! Азамат десе, Азаматсың! Шығар шыңыңның басы болсын! », – дейді ұстазы Гаухарай Есімова.

Аделина Мәделханқызы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!