Биыл жоғары оқу орындарында оқу ақысы бірден 12 пайызға қымбаттады. Бұл соңғы бес жылдағы ең үлкен өсім. Қазір елде университеттерде оқудың орташа құны 390 мың теңгеден басталып, 1,5 миллион теңгеге дейін жуықтайды. Балаларын ақылы оқытып жатқан ата-аналар оқу ақысын бұлай қымбаттату негізсіз деп отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп.

Әсіресе көпбалалы отбасылар қалтамызға салмақ түсті дейді. Дегенмен Ғылым және жоғары білім министрлігіндегілер баға төмендемейтінін мәлімдеді.

Бес баланың анасы Айжан Байгильдинова баласының оқуына ақшаны қиналып төлейтінін айтады.

Сөзінше, биыл оқудың ақасы бірден жүз мыңға қымбаттаған. Әйел көпбалалы отбасыларға мемлекет жеңілдік бергенін қалайды. Яғни отбасы да кем дегенде бір баланы тегін оқытқаны дұрыс болатынын айтады.

“Бүгінгі таңда менің ұлым да КарГу университетінде оқып жатыр. Кәсіби мамандық факультетінде. Былтыр оқудың бағасы 420 мың болған, биылғы таңда 520 мың теңге. Бір жылдың ішінде баланың оқуының ақшасы 100 мың теңгеге өсіп кетті. Баланы жоғары орында оқытпақ түгілі, күнделікті азық-түліктің алу өзі проблема боп тұр”, – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Айжан Байдельдинова.

Ал Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері оқу ақысы қатты көтерілмегенін айтады. Ведомства мәліметше, биыл инженерлік мамандықтарға 41 мың теңге қосылса, денсаулық сақтау саласының төлемақысы 62 мың теңгеге көтерілген. Ал ең қымбаты ауыл шаруашылығы мамандықтары екен. Бұл салада оқып жатқан студенттер биыл оқу ақысының үстіне 82 мың теңге қосып төлейді. Дегенмен, министрліктегілер оқу ақысы арзандамайды деп отыр. Айтуларынша, бағаны түсірсе білімнің де сапасы түседі.

“Қазіргі таңда оқу бағасына қатысты әртүрлі саясат, ол университеттердің академиялық саясатына сай жүргізіледі. Шетелден мықты профессорларды шақырту. Технология мен лабороториялармен жабдықтау. Оның барлығы да бүгінгі күннің талаптарына жауап беруі тиіс. Мықты мамандарды даярлау үшін де университетің қаржы саясаты дұрыс болу керек”, – дейді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі департаменті директорының орынбасары Ержан Әмірбекұлы. 

Қазір жоғары оқу орындарында оқудың орташа құны 390 мың теңгеден басталып, 1 миллион 300 мың теңгеге жеткен. Елде 2022-2023 оқу жылында білім алушылар саны 600 мыңнан асады. Оның ішінде ақылы негізде 400-ге жуық адам оқиды.

Еске салсақ, тамыздың соңында Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Ержан Әмірбекұлы 1 қыркүйектен бастап ұлттық университеттерде оқу бағасы өспейтінін ресми мәлімдеген еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!