Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, жаһандану үрдісінің қозғаушы күші – білім мен ғылымды, жаңа технологиялар мен ақпараттарды жетік игерген адами капиталы, бүгінді ертеңге жалғайтын жастар.
Бұл бәсекеде жастардың инновациялық әлеуеті, зейінді, бастамашылдығы мен белсендігі қоғам дамуының алғышартына айналып отыр. Өңірде де білім мен біліктілік бәйгесіне қосар, бағы мен бабы келіскен жас көп. Жақында Шымкент қаласында химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Бірге оқиық» атты бейнероликтер байқауында Сыр өңіріндегі NIS-тің екі бірдей оқушысы жүлделі болды.
Readx жобасы аясында өткізілген додаға еліміздің барлық зияткерлік мектептердің оқырмандары белсене қатысты. Оқушылар сүйікті шығармалары мен авторы туралы қызықты деректерді қамтитын мазмұнды ақпараттармен бейнероликтерде бөлісіп, оқырманды кітап оқуға шақырды. Әр өңірдің озат оқушылары бақ сынасқан байқаудың нәтижесі бойынша Қызылордадағы NIS-тің 9 сыныбында білім алып жүрген Мұхаммед Нағашыбайдың «3 минутта 1 кітап» форматында түсірілген креативті жұмысы І орынға лайық саналып, жүзден жүйрік танылды. Айта кетейік, сегіз қырлы, бір сырлы оқушының жетекшісі – педагог-куратор Ақбота Жұмабаева.
«Мен қазақ халқының мұңы мен азабын арқалаған белгілі жазушы Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасы туралы баяндап бердім. Шығармада Семей полигонының зардабын тартып, мәңгілік мүгедек болған Ләйләнің жанайқайы, адамдардың қатыгездігі қатты әсер етті.
Әңгімені оқу барысында Семей полигонына қатысты мәліметтермен таныстым, осы шығарма желісінде түсірілген «Қыз жылаған» фильмін көрдім. Бұл бейнеролик арқылы мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамнан шеттетпей, кемсітпей, қабылдау қажет екенін ұғындыру, қай кезде болмасын, жасы, жынысы, туған жері, руына, бет-бейнесінің ерекшелігіне қарамай адам баласына мейірім мен махаббат, қолдау керек екенін жеткізгім келді», – дейді жеңімпаз.
Зияткерлер ордасынан озат шыққандар қатарында 9 сынып оқушысы Нұрсила Әмірбекқызы бар. Жетекшісі педагог-куратор Мархаббат Раманқұловамен бірге аталған байқауға дайындалып, бақ сынасқан ол бейнероликте ұлы Абайдың гуманистік көзқарасын терең танытатын елеулі сюжетті туындысы «Ескендір» поэмасына талдау жасаған. Поэма мазмұнына ерекше шеберлікпен талдау жасап, Абайды өзінше тани білген, таныта білген ару республикалық байқауда жүлделі ІІ орынмен марапатталды.
– Мектеп табалдырығын аттаған әр оқушы әдебиет бағдарламасына сай бір сыныпқа көтерілген сайын Абайдың түрлі шығармаларымен танысады. Оның ішінде өлең де, қара сөз де, поэма да бар. Яғни әр жыл сайын, әр оқыған сайын Абайды басқаша танимыз.
Абайды тану – қазақ халқын, өзімізді, өткенімізді танумен бірдей. Өйткені халқымызды дәл Абайдай танып, Абайдай түсіндірген ешкім болған жоқ. Айдай анық нәрсе, Абай ақын ғана емес, ол өлеңдері арқылы өз халқының төрдегі басын есікке сүйреп келген басты мінін батыл көрсетіп берген тұңғыш дана сыншы. Поэма арқылы да соны байқауға болады, – дейді Нұрсила Әмірбекқызы.
Бәсекеге қабілетті қоғам жастарының нақты мақсаты болуы тиіс. Жастар қазір кітаптан алыстап барады деп баға беру оңай. Керісінше, біз кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек. Кітап оқыған жас – өмірге құштар жас. Интеллектіміз өскенде тұрмысымыз түзеліп, өндіріс те дамиды.
Дина БӨКЕБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!