Өмірдегі көп мамандықтың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, мейірімділікті қажет ететіні – ұстаздық. Олай дейтінім, мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман. Осындай қызығы мен қиындығы мол саланы таңдаған Қалдан Тұяқбаева да аймақтағы білім беру ісін дамытуға үлес қосып келеді.

Кейіпкеріміз мектепке дейінгі тәрбие беру ісін жетік меңгерген. Бүгінде Қызылорда қаласындағы «Алпамыс» балабақшасында тәрбиеші болып еңбек етуде. Айтуынша, педагогика бағытына мойын бұруы бала кездегі арманының жемісі. Осы мақсатта арнайы білім алған. Көпжылдық тәжірибе мен тынымсыз ізденіс нәтижесінде білікті маман қатарынан көрінді.

– 1972 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданы Айдарлы елді мекенінде дүниеге келдім. Мектеп қабырғасында таным-түсінігі мол, білім-білігі жоғары мұғалімдерден дәріс алу педагогика саласына деген қызығушылығымды оятты. Адамның өмірлік ұстанымы мен көрген-білгені болашақты айқындайды емес пе, мен де арман жетегімен осы жолды таңдауға бекідім. Осылайша, мектеп бітірген соң М.Мәметова атындағы педагогикалық училищесіне оқуға қабылданып, саланың алғашқы баспалдағына көтерілдім, – дейді Қалдан Орынбасарқызы.

Жалпы, мамандық таңдау өте маңызды іс. Өмір бойы жалықпау, істеген істен ләззат алу, атқарған жұмыстан қажымау – алғышарт. Кейіпкеріміз де мамандығын адаспай тапқанына, салалық бағытын дөп басқанына сенімді. Әсіресе, мұғалім секілді мәртебелі мамандықтың қыр-сырына қанығып, қызығы мен қиындығын өткергенін өмірлік тәжірибе санайды. Бүгінде «Алпамыс» бөбекжай балабақшасында табысты еңбек етіп, ұжымда құрметке бөленуі де мамандыққа деген адалдықтың нәтижесі болар.

Оған қоса 20 жылға жуық еңбек жолында түрлі марапат пен мақтаудан кенде болған емес. Мысалы, 2021 жылы аймақ басшысының « Кызылорда  облысының білім беру саласын дамытуда еңбегі үшін» жергілікті ерекшелік төс белгісімен марапатталса, биыл Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың мерекелік құттықтауын иеленді. Сондай-ақ республикалық «Үздік педагог» байқауының қалалық, облыстық кезеңдерінде үздік шықса, республикалық «Балаларды ерте дамыту институты» РММ-ның «Құрмет грамотасын» алған. Бұл педагог еңбегінің әділ бағалануы екені даусыз.             Қалдан Орынбасарқызы ұстаздық жолдың мән-маңызын ерек түйсінетінімен құнды. Білім беруді жай сала емес, өмірлік бағыт деп түсінген ол көпке үлгі болуда.

– Біздер, мұғалімдер, күнделікті өмірде жай адам емес, болашақты құрушыларды тәрбиелеп отырғанымызды ойласақ, мұғалім мұратының қандай болатыны өзінен-өзі айқын. Осыған байланысты ұстазға тән мынадай сипаттарды даралап көрсетуге болады: дүниетанымдық көзқарасы, сенімі, қызметке бейімділігі, кәсіптік білімі мен біліктілігі, қамқорлық көзқарас, сүйіспеншілік сезім, ұйымдастырушылық қабілет. Осы қасиеттер ұстаздық бақытқа жеткізеді, – дейді маман.

Кейіпкеріміз отбасында да берекенің ұйтқысы болуда. Жолдасы екеуі қос қыз тәрбиелеп, өнегелі тәлім беруге күш салуда. Өзгенің баласын ғана емес, өз баласын да сапалы тәрбиемен қамтамасыз етуге талпынған ұстаздың әлі де алар асуы алда.

Р.МАҚСҰТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!