Балабақша қызметкерлерінің мәртебесін көтерсе, мектепке дейінгі ұйымдарда көп мәселе шешілер еді. Бұл туралы «Зерде» жекеменшік балабақшасының меңгерушісі Бану Әлкенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында жекеменшік балабақшалардың лицензия алуына қатысты мәселе көтерілді.
«Жекеменшік балабақшалар аталған лицензиялаудан өте алады. Бірақ мәселе лицензияда тұрған жоқ. Тапсырылатын тиісті құжаттар тізімі бар. Осының барлығы қағаз жүзінде іске асырылады. Бұдан не өзгереді? Яғни балабақшаға барып, тәрбиешінің жұмысын кім көріп жатыр?» -деді Б. Әлкенова.
Осы орайда ол лицензиялауға қатысты комиссия арнайы тексермейтінін айтып отыр. Бұл тұрғыдағы рәсімдер онлайн іске асырылады.
«Онлайн түрде құжаттар пакеті тапсырылады. Содан кейін лицензиялаудан өткені туралы құжат келеді. Осы рәсімнің барлығы не өзгертеді деген уәж айтып отырмыз»,- деді балабақша меңгерушісі.
Оның пайымынша, жекеменшік балабақшалардың тәрбиешілеріне арналған біліктілікті арттыру маңызды болып тұр.
«Жалпы, педагогтердің білім беру сапасына назар аудару керек. Атап айтқанда, балабақшалардағы тәрбиешілердің мәртебесін көтерсе, балаларды ұрып-соғу жағдайлары болмас еді. Осы мәселеге ерекше мән берсе, бұл саладағы жағдай өзгерер еді. Тәрбиешілердің жалақысын көтеру мәселесі де өзекті», – деді Бану Әлкенова.
Сонымен қатар ол азық-түлік бағасының қымбаттауын ескере отырып, балабақшаларда бүлдіршіндердің күтіміне, тамағына бөлінетін қаражат сомасын көтерудің маңыздылығын айтты.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл шілде айының соңында ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов жекеменшік балабақша иелеріне лицензиялаудан қорқудың қажеті жоқ екенін айтқан еді.
«Лицензия талаптары жоғары болмайды. Егер балабақша осы минималды талаптарға сәйкес келетін болса, онда қиындықсыз, өте қысқа мерзімде, электронды форматта лицензия алады. Сондықтан бұл айтарлықтай үлкен мәселе туғызбайды. Біздің мүддеміз – балаларды сапалы балабақшамен қамту», – деді Оқу-ағарту министрі.
Мектепке дейінгі білім беру комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова балабақшаларды лицензиялау кезінде сыбайлас жемқорлық деңгейі төмендейтінін айтты.
«Лицензия беру мемлекеттік қызмет көрсету саласына жатады. Ол толық автоматтандырылған. Сондай-ақ, мектепке дейінгі білім беретін ұйымдардың лицензия беретін органмен тікелей байланысы болмайды», – деді комитет басшысы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!