Елордада 1 мыңнан астам салалық білімі жоқ балабақша тәрбиешісі қайта даярлаудан өтті. Бұл туралы Астана қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кадр – маңызды мәселелердің бірі. Қазір мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 4 209 педагог еңбек етіп жатыр. Оның ішінде 2 719 маман мемлекеттік балабақшада жұмыс істейді. Педагогтерді аттестациядан өткізгенде қойылатын талаптардың бірі – олардың біліктілігін көтеру. Биылғы оқу жылында 651 педагог біліктілігін арттыру курсынан өтті. Атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, кадр бойынша проблема бар. Мәселен, елордада балабақша педагогтерінің 32%-ның арнайы білімі жоқ, яғни олар педагог, бірақ, мектепке дейінгі білім беру бойынша емес», – деді Қасымхан Сенғазыев елорда мәслихатының отырысында.
Оның айтуынша, бүгінде білімі сәйкес келмейтін 1 053 тәрбиеші қайта даярлаудан өтті.
«Тағы қайта даярлаудан өтуі тиіс мемлекеттік балабақшаларда 770, ал жекеменшік балабақшаларда 312 тәрбиеші бар. Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін қала әкімдігі жыл сайын педагогикалық колледждерге мемлекеттік тапсырыс бөледі. Биыл 500 орынға мемлекеттік тапсырыс берілді», – дейді ол.
Бұған дейін елордада инвесторлар есебінен бірнеше балабақша салынатыны айтылған еді.
Сондай-ақ, күн сайын балабақша кезегіне 90-100 өтініш берелетіні хабарланды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!