Абай қаласындағы «Әдемі» балабақшасының қызметкері балаларды ұрды деп айыпталуда. Әлеуметтік желілерде мектепке дейінгі мекеме тәрбиешісінің балаларды шапалақпен ұрып жатқан видеосы таралуда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жанжал тудырған жазбаны баласын таныған ата-аналардың бірі жариялаған. Видеоның мектепке дейінгі мекемеде орнатылған бақылау камераларының жазбаларын көру кезінде компьютер мониторынан түсірілгенін аңғаруға болады.
«Бүгін орнатылған камералардан видеоны көріп, болған оқиға төбемізден жай түсіргендей болды. Оқиға Қарағанды облысы Абай қаласындағы «Әдемі» балабақшасының бр тобында болған», – делінген жазбаның сипаттамасында.
Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл жазбаны полиция өз бақылауына алғанын айтты.
«Жарияланған жазбадан кейін қазіргі уақытта зардап шеккендер мен оқиғаның мән-жайын анықтау шаралары жүргізілуде», – деп атап өтті полиция.
Абай аудандық білім бөлімі де жағдайға қатысты пікір білдірді. Басқарма «Әдемі» балабақшасының жекеменшік мекеме екенін жеткізді.
«Жеке балабақша 2021 жылдың ақпан айында 550 орындық болып ашылды. Ол біздің бақылауымызға кірмейді. Аталған факті бойынша комиссия құрылып, тексеру нәтижелері бойынша қажетті шаралар қабылданады», – деді Абай аудандық білім басқармасы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!