Биыл – балаларға басымдық берілген жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған қадамға салмақты қарауды тапсырып, түйткілді мәселелердің шешім табуын міндеттеген болатын. Осыған орай жыл бойы сан салада серпін үдеп, шара көбейді. Халықаралық дәрежедегі жобалардан бастап, ауыл-аймақтағы іс-шаралардың біршама бөлігі «Балалар жылына» арналса, тың идеяларды қозғаған бастамалар балаларға бақыт сыйлады.
Енді, міне, жыл соңы. Атқарған шаруа, көрсетілген қызмет, жасалған істің есебі берілер сәт. Бұл сұрауға «Балалар жылында» атқарылған жұмыс та енетінін ескерсек, күткен талап күшейе түседі. Маңызды жылда қандай жетістікке жеттік? Балаға жасалған жақсылық қандай? Өңірдегі көрсеткіш көңіл көншіте ме? Осы сауалдарға жауап іздеу нәтижеге мән беруге сеп болары анық.
Алдымен әңгімені аймақтағы ахуалдан бастайық. Облыста атаулы жыл жағымды жаңалықтармен жалғасты. Ең бастысы, биыл бүлдіршіндерге ойын алаңдары пайдалануға берілсе, мектеп, оқушылар сарайының құрылысы басталған. Мұны аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев БАҚ-қа берген мәліметінде растаған болатын:
«Балалар – біздің болашағымыз, оларға жан-жақты қолдау көрсетіп, барлық жағдай жасауға мүдделіміз. Мемлекет басшысының биыл жариялаған «Балалар жылына» тарту ретінде демеушілердің қолдауымен құны 1,6 млрд теңгеге 80 балалар спорт-ойын алаңын пайдалануға бердік. Тек қаланың ортасында ғана емес, шет аймақтарда да ойын алаңдары салынды. Бұл жұмыстарды келесі жылы да жалғастырамыз.
Балалар үшін тағы бір қомақты сый жасадық. «ҚазГерМұнай» компаниясы Қызылордада заманауи 350 орындық Оқушылар сарайын салуға ниет білдірді. Жаңа үлгідегі Оқушылар сарайында дарынды балалардың жан-жақты білім алуына мүмкіндік жасаймыз», – деген болатын облыс әкімі.
«Балалар жылы» кәсіпкерлер арасында жеке мектеп салу бастамасы белең алғаны жасырын емес. Бүгінде аймақта 21 жеке мектеп жұмыс істесе, алдағы 3 жылда тағы 12 жеке мектеп, 64 балабақша бой көтермек. Мұндай шешім оқу ауысымын азайтып, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100 процент қамтуға мүмкіндік бермек. Көңіл аударар тұс, аймақтағы барлық білім беру ұйымында бейнебақылау жүйелері толық қамтылып, 35 мектептегі бейнебақылау жүйесі жергілікті полиция бөлімдеріне қосылған көрінеді. Мұның бәрі маңызды жылдағы мерейлі сәттің жемісі екені анық.
Қызықты дерек, аймақта жыл басынан бері «Балалар жылы» аясында 12 мыңнан астам шара өткен екен. Алдын ала бекітілген жоспардың негізінде жұмыс жүріп, тәрбиелік шаралар, лагерьге жолдама табысталыпты. Ал арнайы санаттағы балалар мен халықаралық олимпиада жүлдегерлеріне 100 велосипед, 10 ноутбук және 20 бүлдіршінге «Балдәурен» республикалық лагеріне жолдама берілген. Сондай-ақ, балаларды қосымша білім берумен қамтамасыз ету мақсатында 23 307 бала мәдени және спорттық үйірмелермен қамтылған.
Денсаулық сақтау саласында да қарқын күшейгені байқалды. Мәселен, «Дені сау бала» бағыты аясында бүлдіршіндерді аудиологиялық скринингтен өткізу, медициналық тексеру жүргізу іске асса, психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілген. Балабақшаларда логопункт, инклюзивтік ресурстық орталық, аутизм кабинеті ашылып, тұрмысы төмен отбасыдан шыққан бүлдіршіндерге спорт кешендеріне тегін абонемент берілген екен. Ең бастысы, «Балалар жылы» аясында көпбейінді облыстық балалар ауруханасында оңалту орталығы ашылғанын айта кеткен жөн.
Әрине, бала үшін маңызды ахуал – отбасы жайы. Осыған орай биыл «Отбасы – қауіпсіз мекен» бағыты бойынша Қызылорда қаласында көп балалы отбасылар үшін 50 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Отбасы институтын насихаттау қолға алынып, балалар туризмін дамыту мақсатында Қорқыт Ата кешені, Сортөбе, Жанкент, Сығанақ тарихи орындарына саяхат ұйымдастырылды.
Ерекше жыл аясында тек ойын алаңы, спорттық-мәдени нысандар ғана емес, рухани еңбектер де көге түсті. Мысалы, биыл баспа саласында ширек ғасырдан аса қызмет көрсетіп келе жатқан «ASU» баспа үйі» ЖШС «Balapan» телеарнасымен бірлесе алғаш рет отандық анимациялық фильмдердің бояу кітапшаларын шығаруды қолға алды. Осының негізінде эфирлік қаралымы жоғары 3D форматтағы «Сиқырлы тас» және 2D техникасында жасалған «Әл Фараби» мультсериалының кейіпкерлері жарыққа шықты. Кітапшада бояуға мүмкіндік беретін кейіпкер суреттерімен қатар, қанатты сөздер де орын алған.
Иә, «Балалар жылында» аймақ көлемінде атқарылған тірлік аз емес. Бір жылдық бастама жүз жылдық игілікке сеп болып, балалардың қуанышы мен жайлы ортасын қалыптастыруға сеп болуда. Алайда әлі де тындырар шаруа жетерлік, балаларға қатысты мәселе баршылық. Ол олқылықтарды түзетуге арнайы дата мен науқанды күтудің қажеті болмас деп сенеміз…
Берен ШАҒЫРОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!