Биылғы балалар жылының шеңберінде төрт жаңа мектеп пен 2 апаттық жағдайдағы білім ордасы үшін жаңа ғимарат және бір балабақша ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар заманауи әдіспен жұмыс істейтін жаңа аутизм орталығы қолданысқа берілмек.
– Қызылорда қаласындағы №264 мектеп-лицейінің жанынан оқушыларға арналған замануи обсерватория ашылды. Бұл өз кезегінде балалардың жан-жақты дамуына оң әсерін тигізеді. Қосымша білім берумен қамтамасыз ету мақсатында қалада жүз елу орындық қосымша білім беру орталығы, Қармақшы ауданында 150 орындық тыңығу лагері, Жалағаш ауданында екі жүз орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі ашылады.
Биыл техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға бір мың алты жүз орынға қосымша мемлекеттік тапсырыс беріліп, 3108-ге дейін көбейтіледі. Қырық жеті балабақша мен 28 мектепте инклюзивтік кабинеттер ашылып, оған арнайы мамандар қамтылатын болады, – дейді аймақтың бас ұстазы Ақзира Қасымова.
«Көпбейінді облыстық балалар ауруханасы» базасында 2 жастан 14 жасқа дейінгі балаларға арналған оңалту орталығы ашылады. «Атамекен» ҰК палатасымен бірлесіп сауда орталықтарында арнайы күтімді қажет ететін балалар үшін «Денсаулық бұрыштарын» ашу жоспарлануда. Әлеуметтік қолдау көрсету үшін әртүрлі санаттағы балаларға «Жақсылық жаса балаға» мереке күндеріне орай қайырымдылық шаралары мен «Бірге армандайық» ауыр дертпен ауыратын балаларды кумирлерімен кездесу шарасын ұйымдастыру жоспарланған. Ең үздік деп танылған жобалар мен белсенді қатысушылар «Ең үздік әлеуметтік жоба», «Мейірімді жүрек» аталымдар бойынша марапатталатын болады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!