Қызылорда облысында «Балалар жылына» орай 28 мектептен инклюзивті қолдау кабинеті, 47 балабақшадан логопункт және 2 ауданнан инклюзивтік ресурстық орталық пен 2 балабақшадан аутизм кабинеті ашылады.

Олар балаларға әлеуметтік психологиялық-педагогикалық және түзету арқылы қолдау көрсетіп, ерекше білім беруді қажет ететін балалардың бұзылысына қарай жағдай жасалатын болады.

Айта кетейік, ағымдағы жылы өңіріміздегі мемлекеттік балабақшалар арнайы маман және кабинеттермен 100% қамтамасыз етіледі. Онда ерекше балалармен тәжірибелі арнайы мамандар жұмыс жасайтын болады. Оңалту және психологиялық-педагогикалық түзету қызметтері мемлекеттік қызмет болып есептеледі және ол тегін көрсетіледі.

Облыстық білім басқармасы ПМПК желісін 50 000 балаға жеткізу мақсатында 2023 жылы 1 ПМПК ашу жоспарлап отыр. Осылайша, балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау айтарлықтай кеңейіп келеді, бұл балалар мүгедектігінің алдын алуға және азайтуға ықпал етеді, – деп түсіндірді балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Шолпан Жүнісова.

Сонымен қатар арнайы білім беру ұйымдарының желісін арттыру жоспарлануда. Бүгінгі күні облысымызда 5 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 9 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 3 оңалту орталығы және 3 арнайы мектеп интернаттары жұмыс жасаған болса, «Балалар жылы» қарсаңында биыл 1 аутизм орталығы ашылып отыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!