Әлеуметтік желіде Ақтау қаласындағы балабақшалардың бірінде тәрбиешінің балаларға дөрекілік танытқан видеосы тарады. Тексеру нәтижесінде балалақша тәрбиешісі жұмыстан шығарылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы Бағдат Тұрғанбаева мектепке дейінгі мекеме қызметкерінің бүлдіршінге дөрекі қарым-қатынасы түсірілген видеодан кейін «Мәншүк» балабақшасында жүргізілген тексерудің қорытындысына тоқталды.
Оның айтуынша, №37 «Мәншүк» балабақшасындағы заң бұзушылықтарды анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.
«Тексеру қорытындысы бойынша аталған балабақшаның тәрбиешісі Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 14-тармақшасына «Жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзудың негіздеріне» сәйкес жұмыстан босатылды. Балабақшаның директорына сөгіс жарияланды», – деді Бағдат Тұрғанбаева.
Еске салайық, №37 балабақшадағы тәрбиешісі сүйреп, балаларға дөрекі қараған видеоны қоғам белсендісі әрі блогер Азамат Сәрсенбаев желіде жариялаған болатын.
Сонымен қатар, Ақтау полицейлері балабақша тәрбиешісіне қандай жаза тағайындалуы мүмкін екенін айтты.
“Тәрбиешіге қатысты Қылмыстық кодекстің 140-бабының 2-бөлігі «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді ата-анасының немесе осы міндеттер жүктелген өзге де адамның, сондай-ақ оларды тиісінше орындамауы» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды”, – делінген хабарламада.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!