Бүгінгі нарық билеген заманда дүйім жұрт рухани қажеттіліктен гөрі тән қажеттілігін өтеу үшін материалдық дүниеге көбірек көңіл бөлуде. Осы тұста адамдар бұрынғы кітап оқу дағдысынан айырылып бара жатқанын байқаймыз. Соның салдарынан жастар еркін ойлауға, ауызекі тілде көркем сөйлеуге қабілетсіз. Қазіргі ақпараттар нөпірі сананы еріксіз жаулап алып, жастарды рухани жұтаңдыққа ұшыратып отырған жоқ па?! Осы сауалға келгенде көңіліміз бір арнаға түспейтіні анық. Себебі қазіргі таңда кімнің болсын қолында смартфон, кітап оқуға құлықсыз келеді. Бақсаңыз, кітап оқуға қызығушылық танытатындардан гөрі әлеуметтік желіде оқырман санын арттыруға әуес жастар көп. Бұл сананы ғаламтор билегенін анық аңғартады. Осы тұрғыда баланың кішкентай кезінен кітап оқуға қызығушылығын арттыру керек. Бала жастайынан кітапқа құмар болса, өсе келе қызығушылығы арта береді. Бірақ ол үшін не істеу керек? «Анама және маған» кітап дүкенін ашқан Айдана осы сауалдарға жауап берген еді.

Кітап дүкендері көп. Олардан өзімізге керекті дүниелерді аралап жүріп алуға болады. Тапсырыс беру арқылы да керек дүниеге қол жеткіземіз. Ал арнайы балаларға ғана арналған кітап дүкені санаулы. Десе де аудандарда тек бала мен анаға ғана арналған кітап дүкенінің жұмыс істейтінін біріміз білсек, екіншіміз білмейміз. Жалағаштық Айдана бір жылдан бері бір айлық баладан бастап, 15 жасқа дейінгі баланың талғамына сай кітаптарды сатумен айналысуда. Сондай-ақ аналарға мотивация беріп, кішкентай балаға қалай, қандай кітап оқыту керегін үйретеді. Баламен қосылып оқуға болатын кітаптарды ұсынады. Жалағашта Айдананы танымайтындар аз. Балаларға қатысты кітап керек болса бірден жүгінетіні де Айдананың дүкені. Бір қызығы кітап дүкенін ашуға Айданаға мотивацияны кішкентай қызы берген. Перзентін құрсағына көтерген сәттен бастап көп кітап оқиды. Дүниеге әкелгеннен кейін де жанына кітапты серік етеді. Өзге ана секілді телефонын ұстата салмайды. Ғаламтордан алшақтату үшін қолына алдымен кітап ұстатады, тілі шықпаған балаға суретін көрсетеді. Әдемі көріністерге бала кәдімгідей танданады. Осылайша қызығушылығын бірте-бірте аша бастайды. Баланың кітапқа деген қызығушылығы кітап дүкенін ашуға дейін итермелейді. Өзге ата-аналардың да кітапқа деген қызығушылығын тудырады.
– Кітапқа қызықпайтын бала болмайды, қызықтыра алмайтын ата-аналар. Мәселен, анасы “сен мына кітапты оқы” деп бере салады. Ал ол кітапта не жазылған, тақырып балаға қызық па, қызық емес пе оған өзіміз де мән беріп қарамаймыз. Анығында кітаптар көп-ақ. Бірақ кез келген кітапты бас салып оқи беруге болмайды. Себебі қазір ақшасы бардың бәрі кітап шығаруға құмар. Айтпағым, кітап оқитын кезде де мұқият болу керек.
2017 жылдан бастап кітап сатумен айналыса бастадым. Бұған себеп – менің қызым. Аналық борышым кітапқа баулу болды. Болашақ балапаныма телефон ұстатпай, кітапқа қызықтыруды жөн көрдім. Уақыт өте келе осындай дүкен аштым. Дүкен ашқаныма бір жыл болды. Бір жыл бұрынғымен салыстырғанда қазір ауданда кітапқа сұраныс көп. Оқырмандар саны күн санап артып келеді. Ай сайын балаларына кітап алады, анасы мен баласы жеке кітаптар да сатып алып жатады. Кітап оқитын адамдар саны үлкейіп келеді. Кеше туған бала телефонның не екенін білмейді. Сондай-ақ бала да кітап деген түсінік жоқ. Сондықтан балаға телефон емес кітап ұсынған жөн. Ол бала кітап оқуға бейім боп өседі. Кішкентайлар әдетте кітапты парақтап, сурет көрсеткенде қызығады. Өзімнің тәжірибем бойынша балаға кітап оқуды ертерек бастау керек. Баланың көру қабілеті дағдыланған уақытта, яки 3-4 айлығында кітап көз алдында тұрса, бала соған қызығады. Оқитын дүниені дұрыс таңдау маңызды. Ал кітап сыйлауды дәстүрге айналдыру керек. Себебі ең құнды сыйлық – кітап, – дейді кейіпкеріміз.
Бақсаңыз, бүгінде ғаламторға тәуелді бала көп. Содан келіп «кітапты кім оқиды» деген түсінік қалыптасады. Шындығында бар білімнің, рухани азықтың сол кітапта жатқанын аңғара бермейді. «Балам смартфонға тәуелді» деп назданады ата-аналар. Міне, балаңызды қалай кітапқа қызықтыратыныңызды біліп, оның болашағының жарқын болуына атсалысыңыз. Қалайда білімін жетілдіруге, уақытын тиімді пайдалануға күш салыңыз. Қолыңыздан келмесе, Айдананың кеңесіне жүгініңіз. Ол жасаған тәсілді меңгеріп, ол ұстанған ұстанымда болыңыз. Кітапханаға балаңызды бірге ертіп барыңыз. Ертегілерді оқып беріңіз, әдемі картиналарды ұсыныңыз. Яғни білімді, алғыр ұрпақ тәрбиелеуге осы бастан қамданыңыз.
– Баласы жылап жатса, қолына телефон ұстата салатын ата-ананы жиі кездестірдім. Жұмысқа кетіп бара жатса да телфонын балаларым ойнасын деп қалдырып кетеді. Осыдан кейін бала қалай телефонға тәуелді болмайды?! Азаннан кешке дейін телефон ұстап отырады, түн ортасында тағы соған жармасып жатқаны. Бір баланың кітап ұстап, оқи алмаса да, бетін парақтап отырғанын көрмедім. Осыдан кейін мен баланы қалай кітап оқуға қызықтыруға болады деген сұрақ төңірегінде көп іздендім. Өз баламды қалай қызықтыра аламын деген сауалға жауап іздедім. Сәбиімнің тілі шыға келе телефон сұрамаса екен деген аналық қорқыныш болды. Рухани байығанын, өзіне керек қоректі кітаптан алғанын қаладым. Осылайша әр жақтан ізденіп жүріп, ақырында нәтиже шығардым. Бұл қадамға келуім оңайға соққан жоқ. Зерттеу, талпыныс, жан-жақтан балалар қызығатын оқулықтарды іздеу уақытты алды, – дейді кейіпкеріміз.
Ана құрсағындағы сәби анасының сөйлеген сөзінің бәрін түсінеді екен. Сондықтан да аналар іштегі сәбиіне көп кітап, ертегі оқып береді. Аман-есен өмірге әкелген соң да бір-екі айлық перзенттің кітапқа деген махаббатын ашады. Сіз кітап дүкеніне бара қалсаңыз, кішкентай балаларға арналған көз қызығатын сан-алуан кітаптар бар. Оқи алмайды деген балаңыздың өзі суреттеріне қарап отырып-ақ қызығушылығы оянады. Телефоннан көрген мультфилімді де кітаптан іздеуге болады. Себебі технологияның дамыған тұсында кітапта да аудио арқылы тындай алатын құрылғы орнатылған.
– Біздің дүкенде бір айлықтан бастап 15 жасқа дейін аралықта кітаптың сан түрлері бар. Мысалға бір жасқа дейінгі балаға қалың кітап ұсынған жөн, сондай-ақ терезе секілді, ашылмалы-жабылмалы кітаптар бар. Қолды жылжыту арқылы парақтап ашатын кітаптар кішкентай балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттырады. 2-6 жас аралығындағы балалар кітапты өздері таңдай алады. Сол уақытта өздерінің қоршаған ортасын танып-біледі. Әріптерді, сандар мен пішіндерді, жан-жануарлардың аттарын үйренеді. Олардың ішінде, тіпті, біз білмейтін форматтар бар. 3D форматта кітаптың екі түрі бар. Бірі қолмен ұстау арқылы, екіншісі телефон арқылы. Мәселен, түнде тыңдалым ретінде аудио нұсқасын, мултфильм ретінде бейне нұсқасын қосып беруге болады. Сондай-ақ балаларға арналған ағаш ойыншықтар бар. Олар баланың саусағын дамытады, сонымен бірге сөздік қоры, ойлау қабілеті, көру айырмашылығын жақсартады, – дейді ол.
Жастарды кітап оқымайды деп сөгуге де болмас. Себебі жаһандану заманында әлеуметтік желілерден, теледидардан ақпараттар легі толассыз ағылуда. Бұл мәселені бір жақты қарауға болмайды. Бүгінгі жастардың психологиясы бұрынғыдан мүлдем өзгеше. Экономиканың үлкен қарқынмен дамуы әр адамның өзін-өзі материалдық жағынан қамтамасыз ету қажеттілігін тудырады. Адамның материалдық жағдайды ойлауы бірінші орынға шығып, оның рухани байлықты игеруге деген ынтасы кеміді. Ата-анада баласын ішсін, жесін, мәртебесі биік болсын деп тәрбиелейді. Қазір ақпаратты тек кітаптан ғана емес, ғаламтор көздерінен-ақ алуға болады. Бүгінгі баланың қолында I Pud, Planshet, I Phone және тағы басқа электрондық құралдар көп. Мұның өзі кітап оқу үрдісін алмастыра алады, бірақ бұл баланың қоғамда әлеуметтенуіне кері әсерін тигізеді.
– Қазіргі таңда барлығы қаржыға келіп тіреледі. Сондықтан да баланы алдымен жұмыс істеуге, ашығында жалақысы көп жұмыс істеуге бейімдейміз. Бұл бір жағынан жақсы шығар. Бірақ қалай болғанда да кітапханаға баруға, әдеби кітаптар оқуға баланы бейімдеу керек. Күніне 10 бет кітап оқуға уақыт табу керегін санасына сіңіру керек. Керек дүниесінің барлығын сол кітаптан табатынын, болашақта маман болу үшін де білімнің ең қажетті дүние екенін ұғындыруымыз қажет. Абырой биігіне шығаратын ең құнды нәрсе білім. Мыңды бағындыратын да білімді ұрпақ.
«Анама және маған» дүкенін ашқанда қорқыныш болмады. Сенімділік басым болды. Өзім секілді аналар баласын алып келгенде, сенімділік басым екеніне одан сайын көзім жетті. Өзімнің кішкентай дүкенім жұмыс орным емес, хоббиім, демалатын орныма айналды. Дүкенді материалдық жағынан байып кету, ақша табу үшін ашқаным жоқ. Халқыма пайдам тисін, болашақ аналарға бала тәрбиелеуде көмегім болсын деген ой болды. Еліміздің болашағы – кішкентай бөбектерді ұялы телефоннан алшақ ұстап, олардың сауатты ұрпақ, саналы тұлға болғанын қалаймын, – дейді кейіпкеріміз.

P.S. Әйгілі Шекспирдің «Кітап мен үшін тақтан да қымбат» деген сөзі арада қанша ғасыр өтсе де өз маңызын жоймай тұр. Кітаптың осындай сиқырлы қасиетін, «тұрмыс билеген» санасына шын мәнінде демалыс сыйлайтынын қолына кітап ұстаған кез келген адам жан дүниесімен сезінері анық.

М.САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!